4 ақпан – Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – жұртшылық назарын ғаламдық проблемаға аудару. «Мен. Мен бармын» деген ұранмен өтетін биылғы іс-шаралар обырға қарсы күреске үлес қосуға бағытталмақ, деп хабарлады әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.
Соңғы кезде әлемде қатерлі ісікке шалдыққандар саны артып отыр. Бүгінде обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға шықты. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік беріп отыр.
Статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда 181 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 34 мың 585-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылыпты. Пациенттердің басым бөлігі Алматы қаласының (3996), Шығыс Қазақстан (3648), Қарағанды (3614) және Алматы облыстарының (2695) тұрғындары. Былтыр қатерлі ісіктен 14 406 отандасымыз көз жұмған. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан (1757) және Қарағанды (1284) облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы (1611) көш бастап тұр.
Қазақстанда онкологиялық аурулардың сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері кең таралған. 2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе рагы 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.
Өкінішке орай, әлем ғалымдары әлі күнге дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын әмбебап дәрі ойлап тапқан жоқ. Әзірге, аурудың алдын алу және дер кезінде емделу. Оған кәдімгі емханада жүргізілетін профилактикалық тексерулер арқылы қол жеткізуге болады.
2019 жылы мемлекет профилактикалық мақсаттағы скринингтерге 4,3 млрд теңге бөлді. Тегін скрининг түрлері: — 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерді маммографиялық тексеруден өткізу; — 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдерді жатыр мойны қатерлі ісігіне тексеру; — 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерді тоқ ішек пен тік ішек обырына тексеру болып табылады.
Дереккөз: bnews.kz