Қаракемердегі ескі мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім берілді. Осы мәселемен ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков те танысып қайтқан болатын. Бұл туралы Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөленің халық алдындағы есебі барысында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аудан басшысының сөзінше, Қаракемер ауылында атқарылған іс ауқымды, шешімін тапқан мәселелер жетерлік. Атап айтсақ, өткен жылы ауылдың бес көшесіне 200-ге жуық көше шамдары орнатылып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында респуликалық және аудандық бюджет есебінен Төле би көшесінің 416 метріне, ал М.Мәметова көшесінің 600 метріне жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, округте жергілікті кәсіпкерлер есебінен 25 млн. теңгеге және 10 млн. теңгеге екі бірдей мал бордақылау алаңы құрылып, 45 млн. теңге қаражатқа «Айсұлтан» жекеменшік балабақшасы қолданысқа берілді.
Ауыл әкімінің баяндамасынан белгілі болғандай окургте мүлік салығының жоспары жоғары дәрежеде орындалып, жер салығының жоспары да межелі нәтижеге жеткен. Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы саласында да өсім байқалады.
Сонымен бірге, 2018 жылы Қарақоңыз өзен арнасының 1720 метр қауіпті аумағын бекітіп, дамба жасауға аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, аталмыш жұмыстар атқарылды. Ал, биыл қалған 350 метр жердің жөнге келтірілетіні белгілі болды.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейінгі жиындарда тұрғындар өзен арнасының бірнеше жерден жырылып, трансформатор мен электр бағаналарына қауіп төндіргені жайлы жанайқайын жеткізген болатын. Ал, өткен жылы аудан басшысының бастамасымен бірнеше жылдан бері өзектілігі өршіп тұрған мәселе шешімін тапты.
Жиында тұрғындар пошта ғимаратының жағдайына қатысты жанайқайын алға тартып, онда жөндеу жұмыстары мен жылыту жүйесін жүргізу қажет екенін бірауыздан айтты. Бұл мәселені аудан әкімі облыстық «Қазпошта» АҚ басшылығының назарына жеткізіп, хат жолдайтынын тілге тиек етті.
Осылайша, округке ортақ мәселелердің тиегін ағытқан жиын өз мәресіне жетіп, ауыл тұрғындары аудан басышының берген есебіне жақсы деген бағасын бере отырып, шешімін тапқан мәселелер үшін алғысын айтты.
Авторы: Жазира Ережепбаева