Меркі ауданында 44 елді мекеннің 38-і газбен қамтылған

0 6

Меркі ауданы бойынша 44 елді мекеннің 38-не жоғарғы және орта қысымды газ құбыры тартылған. Қарасу, Ақкөзқайнар, Жауғаш батыр, Мыханды елді мекендері және Тасөткел, Шемен разъездеріне газ тарту жұмыстары 2025 жылға дейін жоспарланған. Бұл туралы аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков халық алдында атқарылған жұмыстарға есеп беру барысында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Андас Батыр ауылындағы «Нововоскресеновка» газ реттегіш станциясын қайта жаңғырту жобасының құны 776 млн. 800 мың теңгені құрайды. 2017 жылы облыстық бюджеттен 70,0 млн. теңге қаражат бөлініп жұмыстары басталған. 2019 жылға республикалық бюджеттен 676 млн. 843 мың теңге бөлініп, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары аяқталатын болады. Соның негізінде келешекте аудан аумағында орналасқан Тәтті, Қарасу, Ақ жол, Беларық, Ақермен, Алтын арық Аспара, Қайынды сай, Кеңес елді мекендерінде орналасқан 15 әлеуметтік нысан және 655 ауласы толыққанды көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, аудан 100 пайыз газдандыралады», — деді аудан басшысы.

Тағы бір жаңалық. Меркі ауданы Ақермен ауылында Сингапур компаниясы «Agrostan PTE. LTD» 3000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы жобасын іске асыруда. Жобаның мақсаты жылына 9000 бас ірі қара малын бордақылап, 2000 тн ет өндіру. Жоба іске асса 50 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның құны 1 кезең 1 360 000 000 теңге, 2 кезең 6 800 000 000 теңгені құрап отыр. Бұл жоба 100 пайыз өзіндік қаражатпен іске асыралады. Жоба 2019 жылы іске асады деп күтілуде.

Сонымен қатар, 2018 жылы жобалық құны 662,0 млн. теңгені құрайтын «Са-Ба ЛТД» ЖШС-нің «Шағын мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту» жобасы кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіліп, 2018 жылдың 17 қыркүйегінен бастап комиссия қорытындысына сәйкес пайдалануға берілді.

Меркі өзені бойынан «Тараз Гринпауэр Дженко» ЖШС су электр станцияларының электр энергиясын өндіретін ГЭС-5,6,7 станцияларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде соғу жоспарлануда. Жалпы құны 10 млрд. 800 млн. теңге, оның ішінде 2 млрд. 400 млн. теңгесі жалпы инфрақұрылымын жүргізуге жұмсалады деп көзделуде. Жоба іске асқан кезде 26 адам жұмыспен қамтылады. Өндірілетін өнім жылына 82 млн. кВт/сағ деп есептелуде. Осы ЖШС 17 га жерді 49 жылға жалға, асфальт зауыты жақта орналасқан подстанциядан 7-ші ГЭС-ке дейін (27 км) электр желісін тарту үшін 23 га жерді уақытша құрылыс жүргізуге алды. Қазіргі уақытта бұл жоба мемлекеттік сараптама қорытындысынан өтуде.

«Алға қойылған мақсат айқын, ауданды көркейту жолындағы жұмыстарды қарқынды жүргізу – баршамыздың міндетіміз деп білеміз», — деді Мейірхан Азатұлы қорытынды сөзінде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.