Байзақ ауданындағы 42 елдімекеннің 25 ауылы газбен қамтылған немесе 59,5 %. Бұл туралы аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев 2018 жылы атқарған жұмыстарға халық алдында есеп беру жиынында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA.
Рахматілдә Сегізбайұлы атап көрсеткендей, көгілдір отыны жоқ 21 елді мекенге жаңа газ құбырын салу жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Құрылыс жүзеге асырылған жағдайда осы елді мекендердің 2 081 үйі газбен қамтамасыз етіледі. Мәселенің шешілуін күтпей 2017 жылы Жаңатұрмыс ауылдық округінің 3 ауылының (Тегістік, Көкбастау, Жібек жолы) тұрғындары өз есебінен 186 үйге газ кіргізді. Осындай жұмыстар тағы да 2018 жылы 4 ауылда (Жаңатұрмыс, Абай, Кеңес, Тегістік) 216 үйге газ кіргізілді. Сонымен қатар, Мәдімар ауылында құжаттары рәсімделіп, газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде.
Аудан бойынша 21 елді мекенді газдандыру бойынша жобаның құрылыс жұмыстарын 2019 жылы қаржыландыру мақсатында, облыстық бюджеттен қаралған 3,4 млрд. теңгенің 1,365 млн. теңгесі игерілді. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тарапынан қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігерді анықтау жұмыстары жасалуда. Жоба құрылыспен іске асырылған кезде ауданның 21 елдімекені кезең-кезеңімен газдандырылады.
Тағы бір жаңалық. Аудандағы 42 елді мекеннің 20 ауылы ауыз сумен қамтылған, бұл 47,6% құрайды. Атап айтсақ, Қызыл жұлдыз, Бурыл, Түймекент, Құмжота, Дихан, Аймантөбе, Мәдімар, Жақаш, Қарасу, Көкөзек, Ақжар, Жетібай, Дихан-2, Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік ауылдары мен Ақшолақ, Үшбұлақ, Талас стансалары бар.
2018 жылы 4 ауылда (Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік) ауыз су жүйесі құрылысы 1 млрд. 498 млн. теңгеге жүргізілді.
Сондай-ақ, ауданда жер асты су қорлары анықталған 6 ауылға (Сарыкемер, Байзақ, Қостөбе, Талас, Көктал) жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Оның ішінде, 5 ауылдағы құрылыстың жобалық құжаттары мемлекеттік сараптамаға жолданып, 5-еуіне сараптама алынды. Құрылыстарға қаржы қарастырылған жағдайда 45 499 адам ауыз сумен қамтылып, ауданның ауыз сумен қамтылу көрсеткішін 26 елді мекен (немесе 60,4 %), халық саны бойынша 78 692 тұрғынға (немесе 76,2 %) жетеді.