ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек E-QURYLYS жүйесін енгізу жайында айтты.
Министрдің айтуынша, бүгінде құрылыс саласында E-QURYLYS бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілуде. Аталған жүйе блокчейн теxнологиясы негізінде жұмыс істейді және кез келген нысанның құрылыс жұмыстарын толығымен бақылауға мүмкіндік береді.
«Сынақ пилоттық режімде Астана қаласында нақты бір нысандарда басталды. Бақылау және қадағалау органдары күнде қашықтан бақылауды жасай алады және жазбаша түрде ескерту бере алады. Қажет болса, осы жүйеге төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және еңбек инспекциясын қосуға болады», — деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, отырыста министр E-SHANYRAQ жобасы аясында үнемделген қаражаттың сомасын атады. Ж.Қасымбек 4 проценттік автонесие бағдарламасына қосымша қаржы бөлу туралы қаулыны да таныстырды. Бұдан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «5-20-25» шартымен берілетін ипотекасына қосымша қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.
Дереккөз: inform.kz