Бүгін әлемде Халықаралық ана тіл күні атап өтілді. Сирек пен жойылып бара жатқан тілдер мәселесіне назар аударту үшін ЮНЕСКО 30 жыл бұрын осы мейрамды жариялаған. Кезінде құрып кету қаупі төнген қазақ тілі бүгінде белсенді дамып келеді. Тіпті оны өзге елдерде де меңгеріп жүр.
Париждегі қазақ тілі курстарын отандастарымыз ашқан. Алғашында олар Түркия орталығында істеп, кейін Қазақстан елшілігінің қарамағына өтті. Еуропадағы тұңғыш қазақ мәдени орталығы тек тіл үйретіп қана қоймай, қазақ тарихы мен мәдениеті, халық салт-дәстүрлерімен таныстырады. Курстардың дені тегін, ал оқытушылар еңбегі үшін жалақы алмайды.
Сорбонна университетінің тарихшысы Клер Димаш Құдайбергеннің өнерінен кейін мәдениетімізге қызығушылық таныта бастады. Әншінің даусына тамсанған ол қазақтың әуезді әуендері мен халқымыздың тарихын зерттегісі келеді.
Клер Мабир Ля Кай, қазақ тілі курсының тыңдаушысы:
— Батыс мәдениетінде біз заманауи технологияларға тәуелдіміз, табиғатпен байланысымыздан айырылдық. Ал Қазақстанда бұл байланыс үзілген жоқ. Кең байтақ жеріңіз бар, айналадағы ортамен тығыз қатынастасыз. Қазақ тілін естігенде, даладағы желдің үнін, бүркіттердің даусын елестетемін. Бұл – нағыз сазды тіл.
Ал Парижде тұратын Шарль қазақ тілін бір жылдан бері меңгеріп жүр. Бала кезінде құсбегілікке арналған кітапты қолға алғанда, біздің мәдениетімізге қызығушылық пайда болды. Кәсіби аудармашы болып істейтін Шарль Еуропаның 6 тілінде еркін сөйлейді. Енді қазақ тілін де осы деңгейде меңгеруге ниетті.
Шарль Снежко, қазақ тілі курсының тыңдаушысы:
— Маған қазақ тілдің логикасы өте ұнайды, тілдің грамматикасы, тілдің дыбыстары қызықтырады. Мысалы, қ, ғ, ұ. Солай.
Қазақ тілін үйренгісі келетіндер енді Қорқыт ата орталығына келе алады. Игі бастаманы қолға алғандар болашақта қазақ, орыс пен француз тілдерінде балаларға арналған кітаптар шығармақшы.
Дереккөз: 24.kz