Қарашада қазақ тілін үйрететін ЖИ-агент іске қосылады

0 2

Елімізде қазақ тілін үйрететін ЖИ-агент әзірленіп жатыр. Бұл туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай айтты.

— Алдағы уақытта біз жасап жатқан ЖИ-агент қазақ тілін үйрете бастайды. Сондай-ақ ол қолданушының қазақ тілін білу деңгейін анықтап, оған арналған жеке бағдарламаны әзірлеп береді. Оның алғашқы нұсқасы қараша айында іске қосылады. Кейін ол жыл сайын жетілдіріліп отыратын болады, — деді ол.

Одан бөлек, спикер бұл жасанды интеллектінің ең басты қасиеті оның бейімшілдігіне екенін атап өтті.

— Тіл үйренуші кәдімгі адаммен сөйлесіп отырғандай оған сауалын қояды, ол жауап береді. Қолдануы өте қарапайым. Сол 5-6 сұрақтың аясында ол қолданушының тілді меңгеру деңгейін анықтап алады. Содан кейін қазақ тілін ақырындап-ақырындап, ойнап, суреттер салып беріп — қолданушыны қинамай үйрететін болады. Біздің ойымызша, бұл қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдерге таптырмас көмекші құралға айналады, — деп атап өтті Мақпал Жұмабай.

Еске сала кетсек, бұған дейін спикер қазақ тілі біртіндеп технологияның тіліне айналып келе жатқанын айтқан еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.