Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төраға Си Цзиньпиннің шақыруымен 30 тамыз — 3 қыркүйек күндері Қытай Халық Республикасына барады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, сапар аясында өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қазақ-қытай мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігін нығайту перспективасы талқыланады.
Сонымен қатар 31 тамыз — 1 қыркүйек күндері Қазақстан Президенті Тяньцзинь қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ШЫҰ плюс» жиынына қатысады.
Бұдан бөлек 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Бейжіңге барып, онда Қазақстан — ҚХР Іскерлік кеңесінде сөз сөйлеп, Қытайдың ірі компания жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізеді.
— 3 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға мәртебелі мейман ретінде қатысады, — делінген Ақорда таратқан ақпаратта.
Осыдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 26-27 тамыз күндері Қазақстанға Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келетіні хабарланды.