Облыстық білім басқармасының Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының ұйымдастыруымен 8-9 наурыз күндері шахматтан облыстық турнир өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру», «Жастар жылы» бағдарламасы аясында өткен спорттық сайысқа 5-8 сынып оқушылары арасында 6 команда, 9-11 сынып оқушылары арасында 6 команда, жалпы 12 команда қатысты.
Жарыстың нәтижесінде командалық есепте 9-11 сынып оқушылары арасында І-орынды Шу ауданы Көктөбе ауылындағы Жамбыл атындағы шағын орта мектеп командасы жеңіп алса, жүлделі ІІ-орынды Т.Рысқұлов ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің командасы қанжығасына байлады. ІІІ-орынды Талас ауданы, Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның командасы иеленді. Ал 5-8 сынып оқушылары арасында І-орынды Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицейінің командасы еншілесе, ІІ-орын Шу ауданы, Көктөбе ауылындағы Жамбыл атындағы шағын орта мектебіне бұйырды. Талас ауданы, Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның командалары ІІІ-орынды қанағат тұтты.
Турнир соңында жеңімпаздар дипломдармен және кубокпен марапатталды. Енді олардың көпшілігі республикалық деңгейде аймақтың абыройын қорғайтын болады.