«Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптары мен 28 саяжай кіретін қаланың 11-ші әкімшілік аумағында бүгінде 20 мыңға жуық адам тіркелген. Аумақ негізінен саяжайлар мен бірыңғай шағын үйлерден тұрады, коттедждер, көп қабатты үйлер жоқтың қасы. Мұнда 7 мектеп бар, оның ішінде 900 оқушыға арналған жетінші мектептің ғимараты былтыр «Шөлдалада» пайдаланылуға берілген.
«Шөлдала» мен «Құмшағал» алқабы тұрғындарына екі отбасылық-дәрігерлік амбулатория медициналық қызмет көрсетеді. Екі ауылда да спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілген. №54 автобус бағыты бойынша 9 жаңа аялдама іске қосылды. Сондай-ақ қала маңындағы арақашықтығы 3 шақырымнан асатын «Шалғай Қарасу» және «Шөлдала» алқаптарынан қатынап оқитын оқушыларды көлікпен тасымалдау мақсатында 2018 жылы №55 және №19 мектептерге 2 автобус сатып әперілсе, үстіміздегі жылы дәл осы жалпы білім беру орындарына қосымша тағы да екі автобус алынғанын атап өтуге тиіспіз.
Осыдан екі жыл бұрын үлкен жолдан «Көлтоған» елді мекені арқылы «Жиделіге» дейінгі аралықтағы 8 шақырымдық автомобиль жолы орта жөндеуден өткен. «Тараз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының осы аумақты ауызсумен қамтамасыз ету үшін су-құбыр жүйелерін жүргізуіне қалалық мәслихаттың ықпал етуімен 30 миллион теңге қаржы бөлінген-ді.
Дегенмен, аумақта қордаланған мәселе әлі де көп. Бүгінгі таңда «Құмшағал», «Шөлдала» аумақтарындағы саяжай-алабтарына қатысты мәселелер тұрақты бақылауымызда. Қос ақабтағы жалпы тұрғындардың саны 14 мыңға жуықтайды. Нақтылай айтсақ, «Құмшағалға» қарасты 13 саяжай-алабында 1423 аула болса, онда 4298 адам тұрады. Ал «Шөлдаладағы» 16 саяжай-алабта 2887 аула бар. Мұнда барлығы 9300 адам тіршілік етуде.
Қаланың әкімшілік аумағына енгеніне бес жылдан асса да, ауызсу, жарық, «көгілдір отын», жол және кәріз жүйелері мәселелері оң шешімін таппауда. Оның басты себебі – саяжай-алқаптарына осы күнге дейін тұрғын жай алабы мәртебесі берілмеуі. Бұрынғы саяжай-алабтары енді қала құрамына алынып отыр. Сондықтан да қала ауқымы аясында жаңғыртылуы ойластырылуда. Саяжайлардағы баспаналар енді жеке тұрғын үй мәртебесіне ауыстырылатын болады. Бұл үшін тұрғындардың тиісті мемлекеттік төлемдерді төлеуіне де тура келеді. Ауызсу, кәріз жүйелерін жүргізу және жол салу аумақтың егжей-тегжейлендіру жобалары бекітілгеннен кейін, сол жобалардың негізінде жүзеге асырыла бастайтын болады.
Бүгінде тұрғындар үйлерінің мемлекеттік актілерін жер қатынастары бөлімі арқылы қайта рәсімдеуде. Саяжай телімдерінің әділет органдарында жеке тұрғын телімі ретінде тіркелуі коммуналдық қызметтерге төленетін тарифтік төлемақылардың төмендетілуіне мүмкіндік береді. Осылай өңір басшысының тапсырмасын орындау жұмыстарын бастадық.
Қазір 28 саяжайға қатысты мәселені шешу мақсатында қалалық бюджеттен 18,5 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға жоғарыда аталған егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ облыстық энергетика басқармасы тарапынан 24,6 миллион теңгеге аталмыш аумақтан магистральды электр желілері жүйесі салынуда. Бұған қосымша жергілікті қазынадан 3 миллион теңге қарастырылып, ішкі электр желілерін тарту жобасы дайындалуда. Бұдан бөлек құрылыстар салынған қала аумағында кешенді инженерлік-геодезиялық барлау жұмыстарын жүргізуге облыс қазынасынан 45 миллион теңге бөлініп отыр.
Жалпы қаланың 2025 жылға арналған дамуының бас жоспары 2010 жылы бекітілгені белгілі. Бүгінгі күні осынау бас жоспардағы қайта жаңғыртылатын аумақтардың 55,7 пайызы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамтылған. Өткен жылы алғашқы кезеңдерге құрылыс жұмыстарын жобалау мақсатында қала орталығының – 102, «Тектұрмас» тарихи-мемориалдық кешенінің – 59, «Арай» тұрғын алабының – 241 және «Көлтоған», «Жиделі», «Қарасай», «Қызыл-Абад» тұрғын алабтарының 556 гектарлық бөлігіне, барлығы 958 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленген болатын.
Болашақта бас жоспарға сай міндеттерді толықтай орындау мақсатында жалпы 7 072 гектар жер көлемін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамту қажет. Бұл жұмыстар үш кезеңде жүзеге аспақ. Үстіміздегі жылы 2 960 гектар аумақ егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтылатын болады. Келесі кезекте қаладағы 6 418 гектар көлеміндегі құрылысы жүргізілген аумақтарда инженерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізу (мұндай іс бұған дейін 7347 гектарда немесе 53,4 пайызында жүзеге асырылған) жоспарланып отыр.
2019 жылы оның 3086 гектары қала бюджеті және республикалық «Қала-кадастр» кәсіпорны есебінен топотүсіріліммен қамтылмақ.
«Тектұрмас», «Қарасай», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алабтарын ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек, 2012 жылдан бері «Көлтоған» алабының маңындағы 250 гектар көлемінде бөлінген 1232 жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде пайдалану мерзімі өткен 127 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы жерлер кезекте тұрған азаматтарға қайта берілетін болады.
Облыс орталығындағы бірқатар тұрғын жай және саяжай алабтарында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстардың жоспары, міне, осындай. Жалпы қаланың 2025 жылға арналған дамуының егжей-тегжейлілендірілген бас жоспары аясында тындырылатын тірліктердің барысында көне де жаңа қаламыздың сәулеттік келбет- айшығы одан әрі де арттырыла түсуі әр кезде де назарымыздан тыс қалмақ емес.
Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ,
Тараз қаласы әкімі