Сынап – бірінші деңгейдегі қауіпті зат, әсіресе оның буы аса қауіпті. Стандартты термометрде 5 грамм сынап болады. Сол 5 граммның өзі адамды әбден әлсіретіп, денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Сынаптан уланудың белгілері қандай?
– денені әлсіздік басып алады;
– тәбет болмайды;
– жұтынғанда тамақ ауырады;
– бас ауыра бастайды;
– ауыздан металлдың дәмі кетпей қояды;
– сілекей шұбыра береді;
– жүрек айнып, құсық келеді.
Бұл белгілер сынаптан уланған адамда бірден пайда болмауы мүмкін. Бір апта, тіпті бір айдан кейін аталған белгілерді байқай бастасаңыз, дереу дәрігерге қаралған жөн.
Сынапты қалай дұрыс жинау керек?
Егер сынапты өз бетіңізше жинауға шамаңыз келмесе, бірден 109 нөміріне, құтқару қызметіне хабарласыңыз. Бірақ сынап түйіршік күйнде болса, өзіңіз-ақ баппен жинап алуыңызға болады. Ол үшін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған мына нұсқаулықты сақтаңыз.
1) Бөлмеден адамдарды, бірінші кезекте балаларды, аяғы ауыр әйелдерді шығарыңыз да, есікті жауып, бөлмені желдетіп алыңыз;
2) Сынапты жинар алдында резеңке қолғап, аяққа бахила немесе жай целлофан түйіншек киіп алыңыз;
3) Қауіпті буды жұтып қоймас үшін, дәкені 1 қасық ас содасы қосылған стақан суға араластырып ауыз-мұрыныңызға тағып алыңыз;
4) Сынап түйіршіктерін шприц, скотч, лейкопластырь көмегімен немесе суға батырылған қағазбен жинауға болады;
5) Жиналған түйіршіктерді әйнек құтыға салып, қақпағын жауып қою керек.
Сынап термометрі сынғанда не істеуге болмайды?
1) Сынапты ашық қолмен ұстамаңыз;
2) Сынап түйіршіктерін щеткамен, сыпырғышпен сыпырмаңыз, шаңсорғышпен жинамаңыз. Щетка, сыпырғыш түйіршіктерді бүлдіріп, сынап буланып кетеді. Ал бұл өте қауіпті;
3) Сынапты қоқысқа, кәріз жүйесіне, пешке тастамаңыз;
4) Сынап тиген киімдерді кір машинада жумаңыз. Сынап техниканы бұзып, кәріз жүйесіне түсіп кетуі мүмкін.
Сынап термометрі ауырғанда көмекке келіп, сынғанда жауыңызға айналуы мүмкін. Сондықтан термометрді асқан сақтықпен қолданыңыз, ал сындырып алған жағдайда не істеу керегін енді білесіз.
Дереккөз: massaget.kz