Биыл жаңа оқу жылынан бастап республика мектептерінде электронды оқулық қолданысқа енгізіледі, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы opig.kz платформасын ұйымдастырушылар айтты. Электронды оқулық жобасы өткен жылы қыркүйек айында Қазақстанның 11 мектебінде пилоттық жоба ретінде енгізілген. Онда жаңартылған бағдарлама бойынша, 3, 6, 8-сынып оқулықтарының электронды нұсқалары орналасқан. «Электронды оқулықтар оқушыға тақырыпты қызықты және жан жақты түсінуге мүмкіндік береді», – дейді ұстаздар. Жаңа жоба сынақтан өткен мектептердің ұстаздары электронды оқулық пайдаланған уақыт аралығында оқушылардың сабақ үлгерімі жақсарғанын айтады. Бүгін мектептерге электронды оқулықтарды енгізу бойынша байқау басталды. Екі айға созылатын конкурс арқылы оpig.kz платформасын белсенді қолданған мектептер анықталады.
Өмірзақ Әбдішүкірұлы, баспаның бас редакторы:
– Электронды оқулықтар қағаз оқулықтарды түгелдей ауыстырады деген сөз жоқ. Оқулықтағы білім баланың жас ерекшеліктерін есептей отырып берілген. Бір ғана тақырыппен танысып отырып, тура осы тақырыптағы басқа сыныптарда қамтылған оқу материалдарын да көруге оқуға, тыңдауға мүмкіндік алады. Пәнаралық байланыс дегеніміз осы.
Алма Тұрғанбекова, №62 мектеп лицейінің ұстазы:
– Оқулықты тасудың қажеті жоқ, мұнда кез келген гаджет арқылы оқушы үй тапсырмасын орындай алады. Бұрынғы мүмкін болмаған жағдайды қазір осы opig.kz арқылы мүмкіндік алып отырмыз.