Тараз қалалық мәдениет үйінде қала тұрғындары және қонақтарының қатысуымен наурыз айының өткен жексенбісінде орыс халқының «Масленица» мерекесі аталып өтті. Бұл мерекелік іс-шараны Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жамбыл облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігі және облыстық орыс драма театрының ұжымы ұйымдастырды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Шараға «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің өкілдері, №2, №7, №13, №24, №31, №40 қалалық жалпы білім беретін орта мектептер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері – «Днипро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі, «Жамбыл облыстық немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігі, қалалық мәдениет бөлімі, орыс театрының әртістері және БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік концерт алдында Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің ауласында қыс мезгілін шығарып салып, көктемді қарсы алған жұртшылық бір-бірін жарқын мерекемен құттықтады. Одан әрі жиналған халық қолөнер шеберлерінің тамаша туындыларымен танысты. Сондай-ақ, «Эльба» мейрамханасының дастарханынан орыс халқының ұлттық тағамдары бәліш, құймақ, қалаштар қойылып жиылған жұртшылыққа үлестірілді. Мерекелік іс-шара одан әрі облыстық орыс драма театрының әртістері мен аталған мектептердің оқушыларының және балалар шығармашылық орталығы әншілерінің қатысуымен мерекелік концертімен жалғасты. Бәрінен бұрын жиылған жұртшылықты «Айнұры» татар-башқұрт, «Днипро» украин этномәдени бірлестіктерінің және «Поющие серца» неміс қоғамдық бірлестігінің өнерпаздарының өнерлері ерекше ұнады. Дәстүрге айналған шараға биылғы жылы 500 адам қатысқан.
Жиын соңы Жамбыл облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігі басшысының орынбасары Елена Шинкоренконың жиылған жұртқа алғыс айтып, аталған мерекеге арналған құттықтауымен аяқталды.