Биылдан бастап, волонтерлардың әлеуеті аз қамтылған отбасыларына нақтылы әлеуметтік сипаттағы қолдаулар көрсетуге бағытталып отыр. Бұл мақсатқа 15 млн. теңге қаржы қаралған. Бұл туралы ӨКҚ алаңында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Бауыржан Мөрбековтың қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бүгінде облыста 1 мыңнан астам еріктілер дерекқоры жасалған. Олар жүйелі түрде «Тағзым», «Асар» жобалары аясында қарттар үйінде, жалгізілікті жандардың үй шаруасына көмектесу сияқты жұмыстарымен тұрақты түрде шұғылданып келеді.
Аталған жұмыстарды жүйелендіру мақсатында «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы қолға алынды. Жыл басында жоба аясында волонтерлардың ықпалымен облыс бойынша 1292 баласы бар 574 отбасына 3,2 млн. теңгеге азық-түлік, киім-кешек таратылды, үй шаруашылығына көмек көрсетілген.
Одан бөлек, Бәйдібек баба көшесі 1«А», Ленин көшесі 97«А», әл-Фараби көшесі 7«А» мекен-жайларында 3 қайырымдылық дүкені іске қосылған. Сонымен қатар, меншік түріне қарамастан барлық ұйымдарды, кәсіпкерлерді осы шараларға тарту көзделуде. Жоба аясында Тараз қаласында 600 волонтер, аудандарда 1250 волонтерлер тобы жасақталған.
Волонтерлік топтар ағымдағы жылдың 26 наурызынан бастап облыс көлемінде отбасылардың әлеуметтік жағдайын анықтау мақсатында өңіріміздегі барлық үйлерді толық қамтып, зерделеу жұмыстарын жүргізетін болады. Нәтижесінде облыстағы отбасылардың әлеуметтік картасы дайындалады. Облыс бойынша барлығы 248 844 отбасы бар, — деді Мәди Мейірбекұлы.
Сол сияқты, ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында және «Мейірім» күніне орай «ҚАМҚОР» волонтерлық-қайырымдылық жобасы аясында 35 тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілген. Көрсетілген санаттағы әр отбасына бірінші кезекте қажетті азық-түліктер үлестіріледі.