Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамына орай құттықтау жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
***
Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Бәрімізді қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке — бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны. Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар.
Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды.
Наурыз — рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы.
Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі.
Бүгінде Наурыз — ортақ шаңырағымыз — Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам.
Оның мәңгілік мәні — ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды — халықтың ынтымағын бекемдеу.
«Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді халық даналығы.
Әз-Наурыз әр отбасына бақ-береке әкелсін!