Халықаралық ғалымдар тобы зерттеу жүргізіп, ыстық шай ішу мен өңеш қатерлі ісігінің даму қаупі арасында байланысты анықталды. Бұл туралы EurekAlert сайтында жарияланған мақалада айтылды.
Экспериментке 50 мыңнан аса адам қатысқан. Ғалымдар 10 жыл бойы 40-тан 75 жасқа дейінгі адамдарды бақылаған. Осы уақыт ішінде 317 адамнан асқорыту жолының жоғарғы бөлігінде қатерлі ісік табылды.
Ғалымдардың айтуынша, олардың көбі ыстық шайды жиі ішетін адамдар болған. Қатерлі ісік табылғандардың басым бөлігі 60-70 арасындағы ер адамдар екен. Күн сайын температурасы 60 градус Цельсийден асатын 700 миллилитр шәй ішу өңеш ісігінің даму қаупін 90 пайызға өсіретіні анықталды.
«Көп адам шай, кофе немесе басқа да ыстық сусындарды ішкенді жақсы көреді. Алайда, жұмысымыздың нәтижесі бойынша, өте ыстық шай ішу өңеш қатерлі ісігінің қаупін арттырады. Сондықтан, ыстық сусынды ішпес бұрын оның сәл суығанын күткен дұрыс», — деді зерттеулер авторы профессор Фархад Ислами.
Медицина қызметкерлерінің пікірінше, өте ыстық сусындар ауыз бен тамақтың шырышты қабығына әсер етеді, ал бұл қатерлі ісікке алып келуі ықтимал.
Дереккөз: Tengrinews.kz