Адамдар экологияның жаман екендігін айтып, наразылық білдіріп жатады. Алайда, үйдегі ауа көшедегіге қарағанда 5 есе лас әрі 10 есе улы болуы мүмкін. Олай болуының негізгі себептерін ұсынамыз.
1. Шаң-тозаң
Жылына бір квадрат метр жерге 8 грамға дейін шаң-тозаң жинала алады. Тоқыма талшығы, тері бөліктері, бактериялар, тозаң, дала ластығы – мұның барлығы жиналып, үйдің ішінде басылып қалады. Солай ол жерде тозаңды кенелердің көбеюіне қолайлы орта пайда болады. Ал мұндай жәндіктердің нәжісі аллергия, көз ісуін, тері тітіркенуін, жөтел және демікпе шақыртуы мүмкін.
Не істеу керек?
Еденді және жұмсақ жиһаздарды аптасына 2 рет шаңсорғышпен тазалау, шаң сүрту және жапқыштарды жуу керек. Егер аллергик болсаңыз, батыл шаралар жасау керек болады. Яғни, тұтас пердені жалюзиге ауыстыру, барлық кілемдерді алып тастау, кітаптарды жабық шкафқа қою, үйде мақпал ойыншықтар ұстамау қажет.
2. Асүй булары
Газдың жану кезінде көптеген зиянды заттар, сонымен қатар канцерогенді заттар түзіледі. Ал тамақ әзірлеу кезінде уыт (формальдегид, аммиак және т.б) бөлінеді. Олардың бір бөлігі жиһазға қонса, басқалары ауада қалады.
Не істеу керек?
Асүйді жиі желдетіп тұру, асүй сормағын орнату, газ плитасын электр түріне ауыстыру.
3. Зең
Зең барлық жерде бар. Әсіресе, жуынатын бөлмеде көп болады. Жылу мен ылғалдылық – зеңнің көбеюіне арналған қолайлы орта. Олардың көпшілігі саңырауқұлақ уын бөледі. Ол демікпе, тері бөртпесін, асқазанның бұзылуын, бас ауруын және басқа да жағымсыз заттарды шақырады.
Не істеу керек?
Желдету жүйесін реттеу, үйдің ішінде шамамен 40% ылғалдылық деңгейін ұстау, душқа арналған жапқышты жуып тұру, үй бөлмелерінде жуылған киімдерді кептірмеу керек.
4. Темекі түтіні
Темекінің зияны тек оны тартатындарға емес, басқаларға да әсерін береді. Түтін киімге, жиһазға, жапқышқа және кілемге сіңіп кетеді. Сондықтан үйде темекі тартатын бір адам болса, оның зияны жанындағыларға да әсер етеді.
Не істеу керек?
Үйдің ішінде темекі тартпау, барлық киімдерді жуып тұру, ауаны темекі түтінінен тазартатын құрал қою керек. Әрине, ең дұрысы – бұл зиянды әдеттен бас тарту.
5. Үй жануарлары
Сүйікті үй жануарларыңыздың жүні мен тері бөліктері үйге түсіп, шаңның мөлшерін көбейтіп, аллергия шақыртады.
Не істеу керек?
Үй жануарын тарап тұру және үйді де жиі жинап отыру қажет.
6. Тұрмыстық химия
Улы тұрмыстық химиямен үй жинау адам өкпесіне темекіден де жаман әсер етеді. Химиялық құралмен үй жинау кезінде бетіңізге маска кигеннің өзі де толықтай көмектеспейді. Жуатын құралдардың бөліктері жиһаздарда және ауада қалып қояды.
Не істеу керек?
Ғалымдар тұрмыстық химия өндірушілерін қаптамада зиянды заттардың бар-жоғын көрсетуіне шақырса да, маркетинг көзімен ол тиімсіз болғандықтан, көп жағдайда көрсетілмейді. Сондықтан, қаптамадан құрамын өзіңіз мұқият оқып алыңыз. Ең зиянды химиялық қосылыстарға мыналар жатады: хлор, хлорорганикалық қосылыс, фосфат, фосфонат, беткі белсенді зат (ПАВ), формальдегид (formaldehyd, methanal, methylene oxide, oxymethylene деп жазылуы мүмкін) және тұзды қышқыл (hydrochloric acid). Тұрмыстық химиялық құрал таңдау кезінде осы айтылған заттардың жоқ немесе аз мөлшерде бар түрін таңдаңыз. Оларды қаптамасында көрсетілген мөлшерден тыс езбеңіз.
Дереккөз: massaget.kz