Көктем – ауа райының құбылмалы болатын кезі. Бір суықтап, бір жылынып тұрған күндерде тұмауратып жүрген адамдар саны көбейеді. Жылдың бұл керемет мезгілінде ауырмас үшін не істеу керек?
1. Қолыңызды жиі жуыңыз. Дәрігерлер қолды аз дегенде 20 секунд бойы жуу керектігін айтады. Міндетті түрде алақаныңызды, саусақтарыңызды және білегіңізді жақсылап жуыңыз.
2. Бетіңізді қолыңызбен ұстамаңыз. Көптеген микроағзалар қол терісінде тұрса, зиянын тигізе қоймайды. Ал олар мұрынға немесе ауызға түссе, аурудың таралуына ықпал етеді. Қолыңызды жумай бетіңізді ұстай бермеңіз.
3. Уақытылы ұйықтаңыз. Бұл әмбебап кеңес жалпы ағзаның иммунитетіне көмектеседі. Сондықтан тәулігіне 7 сағаттан кем ұйықтамауға тырысыңыз.
4. Көпшілік жерге бармаңыз. Көпшілік ауырып жүрген кезде сауда орталықтары секілді адам көп жерге бармай тұра тұрыңыз.
5. Ортақ заттарды ұстамаңыз. Ортақ қолдануға болмайтын заттарды ескеріңіз.
6. D дәруменін қабылдаңыз. Әдетте, С дәруменін қабылдауды ұсынады. Әрине, ол да ағзаға пайдалы. Бірақ D дәруменінің жетіспеушілігі ағзаның вирусты инфекцияны жұқтырып алуға бейімді етеді.
7. Үйге келген соң киім ауыстырыңыз. Өзіңіз жұмыстан, балалар бала-бақшадан немесе мектептен келгенде міндетті түрде киімдеріңізді толықтай ауыстырыңыз.
8. Маска киіп жүріңіз. Эпидемия кезінде қоғамдық орындарда маска киіп алған жөн.
Дереккөз: massaget.kz