Сарысу ауданының әкімі аналарға құрмет көрсетті

0 15

Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы Ұлыстың Ұлы күніне орай аналарымызға  құрмет көрсетті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ақ жаулықты ғасыр жасаған ана Сарысу ауданының тұрғыны 109 жастағы әже — Аманбала Аманжолова.  Жастайынан еңбекке араласқан Аманбала әже 109-ға келсе де тың. Небір қиын кезеңдерді бастан кешкен кейуана аудан басшысымен емен-жарқын сұхбаттасып, өткен өмірін ерекше тебіреніспен еске алды.

Қазыналы қарт ана өмірінің жартысын совхозда сақпаншы, қой қырқып, мал шаруашылығына арнаған. Маңдай тер, адал еңбегінің арқасында 5 бала тәрбиелеп, бүгінде немере мен шөберенің қызығын көруде. Ғасыр жасаған ананың өмірі қазір көпке үлгі.

Қос ғасыр құрдасын айтулы мерекемен құттықтаған аудан басшысы гүл шоқтарын табыс етті. Ал балаша қуанған әжей ақ батасын беріп, алғысын жеткізді.

Ардақты аналарымызға құрмет көрсету жылда дәстүрге айналған. Десе де, елеулі еңбектері мен қоғамға қосып жүрген үлестері әрдайым халық жадында.

Осындай аналарға құрмет  бірқатар көпбалалы аналардың шаңырақтарына арнайы барып құттықтаумен жалғасты. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек наурыз мерекесімен құттықтап:

— Қазақ әйелді отбасының ырысы, ұйытқысы деп ұғынған. Халқымыздың татулығын, ағайынның бірлігін, шаңырақтың берекесін ұстаушы да ана. Өмірге ұрпақ әкеліп, тіршілікке тірек болған қажыр-қайраттары үшін біз ардақты ана мен асыл жарға, аяулы нәзік жандарға әрдайым құрметпен қараймыз. Ұлыстың Ұлы күні баршаңызға бақыт сыйласын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деп аудан басшысы аналарға гүл, балаларға сый-сияпаттар тарту етті.

Сонымен бірге, бүгінде соғысты бастан кешкен қарттардың қатары сиреп бара жатса да, олардың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Ұлыстың ұлы күні аудан әкімі Қанатбек Мәдібек Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтап үйлеріне кіріп шықты.

Ең әуелі жаңатастық ардагер Михаил Авдеевтің үйіне барып, хал-жағдайын біліп, наурыз мерекесімен құттықтады. Мұнан соң Байқадам ауылдық округінде тұратын соғыс ардагерлері Мысалы Маханбетов пен Қабыл Ібіжановтың отбасында болды. Мерекемен құттықтаған аудан әкімі Қанатбек Мәдібек:

— Бүгінгі жас ұрпақ өздеріңіздей тұлғаларға еліктеп өсуі керек. Сол арқылы еңбекқорлықты, батырлықты бойына сіңіреді. Қазыналы қарттарымыз ұлағатты болашағымыздың кепілі. Бүгінгі бейбіт өмір, егемен елдігіміз, Тәуелсіз мемлекетіміздің бар жақсы күндері сіздердің қайтпас қайсарлықтарыңыздың жемісі. Елдіктің туын берік ұстауымыз сіздердің туған жерді қастерлеп, жау шебінен азат етудегі ерен ерліктеріңіздің, отан сүйгіштіктеріңіздің, аянбай жеңіс үшін тер төккендіктеріңіздің арқасы.Сондықтан, ұрпаққа үлгі болып, арамызда әлі де жүре беріңіздер. Еліміздегі барлық ардагерлеріміздің дендері сау, жастары ұзақ болғай, — деді Ол.

Мерекемен құттықтай отырып, ардагерлерге сый-сияпат табыс етті.

Өз кезегінде ардагерлер аудан әкіміне ризашылықтарын жеткізіп, қазақ халқының мерейлі күндері көбеюін тілеп, баталарын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.