Астананың «Нұр-Сұлтан» аталуы құптарлық дүние — Жамбыл облысының еңбек ұжымдары

0 19

Жамбыл облысының еңбек ұжымдары еліміздің Елордасының «Нұр-Сұлтан» болып аталуын қолдайды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Нақтырақ айтсақ, «Казфосфат» ЖШС Тараз филиалы («Минералды тыңайтқыштар зауыты») ұжымы жаңа атауды жатсынбайтынын айтады. Алқалы басқосуға 700 жуық зауыт қызметкерлері мен жұмыскерлері қатысты.

Шара барысында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мейрамбек Төлепберген, «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымының төрағасы Талғат Рысқұлов, «Днепро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Жамбыл облысы және Тараз қаласының Құрметті азаматы Федор Клименко, Минералды тыңайтқыштар зауытының Аммафос цехының мастері Болат Көктілеуов, «Казфосфат» ЖШС жастар одағының төрағасы Абзал Қонысбаев сөз сөйлеп, қолдау білдірді.

Талғат Рысқұловтың айтуынша, астананы президенттің атымен атау дәстүрі өзге мемлекеттерде кездеседі. Мәселен, АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Уошингтонның құрметіне ел астанасы Вашингтон деп аталады.

– Елбасы Вашингтон сияқты елді қиын кезде басқарып, қазіргідей мамыражай кезеңге жеткізді. Сондықтан да Америка халқы Вашингтонға қалай құрмет көрсетсе, бізде солай Тұңғыш президентке құрмет көрсетуіміз керек. Өйткені, Елбасы Тәуелсіздігімізді нығайтып, бізге әсем астананы салып берді. Ендеше Тұңғыш президентіміздің құрметіне астананың Нұр-Сұлтан қаласы болып ауысуы құптарлық дүние, – деді ол.

Жиында сөз алған жастар Нұр-Сұлтан атауы астананың одан әрі дамуына ықпал етеді деген пікірде. Сондықтан да олар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімінің өміршең болатынына сенім білдіріп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.