Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ елшісі Уильям Мозерден сенім грамотасын қабыл алды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Грамотаны тапсыру рәсімі Ақорданың мәрмәр залында болды. Уильям Мозер Қазақстанда елші болатынын АҚШ президенті Дональд Трамп 2018 жылы тамызда хабарлаған еді. Бұған дейін Мозер АҚШ-тың Украина, Қазақстан, Мысыр, Суринам мен Малидегі елшілігінде жұмыс істеген. 2011-2015 жылдары АҚШ-тың Молдовадағы елшісі болды.
Соңғы жылдары мемлекеттік департамент басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Мозер орыс, неміс және француз тілдерінде еркін сөйлейді. Саясат ғылымдары саласында дипломы бар.
Бұған дейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін Джордж Крол атқарған еді. 2018 жылы ол дипломатиялық миссиясын орындап, қазақстандықтармен қоштасты.