Орталық «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың төрағалығымен «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасының алғашқы отырысы өтті. Жиынға бейне-конференция арқылы өңірдегі Жобалық алқалардың өкілдері қатысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынды ашқан Абылай Мырзахметов басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына қатысу шарттары жайында кәсіпкерлерді жан-жақты ақпараттандыру қажеттілігі туралы мәлімдеді.
«Бизнестің барынша осы жобаға атсалысуы біз үшін маңызды. Сондықтан осы бағытқа басымдық беру қажет. «Атамекен» өңірлерде бағдарламаны түсіндіру, несиелеу мөлшерлемелері және субсидиялау шарттарын талқылау бойынша жұмысты бастап кетті. Елбасы тапсырмасы бойынша мұндай жұмыс алғаш рет жүргізіліп жатыр, сондықтан бизнеске барынша ақпаратты жеткізу, ал бизнестің бағдарламаға белсенді атсалысуы өте маңызды», – деді Абылай Мырзахметов.
Бағдарламаны жүзеге асыруда бюрократияға жол бермеу керек, деп мәлімдеді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.
«Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамымен бірлесіп, біз жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жиһаз өнеркәсібі және құрылыс материалдар өндірісі бойынша Жол карталарын әзірледік. Қазір машина жасау саласының жол картасын құру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Әкімдіктер мен бағдарламаға қатысушылар арасында қандай да бір түсініспеушілік пен кедергілерге жол бермей, оларды алдын алып, осы жобалық алқада шешіп отыруды ұсынамын. Ол үшін біз бизнес өкілдерімен апта сайын кездесіп, күн тәртібіндегі барлық мәселелерді тікелей талқылайтын боламыз. Жобалық алқаның шешімі – соңғы шешім екенін түсіну керек», – деді Роман Скляр.
Өңірлердегі өкілдердің хабарлауынша, кәсіпкерлер де Бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытуда. Шығыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешен, туризм, жеңіл өнеркәсібі және жиһаз өнеркәсібі салаларынан бағдарламаға қатысуға 24 кәсіпорын өтінім берді, 2 жоба банктің мақұлдауын өтіп жатыр. Шымкентте Жобалық алқаның бір апталық жұмысының нәтижесінде кәсіпорындардан жалпы сомасы 39 млрд теңгеге 39 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 26 өтінім жобаны әзірлеу кезеңінде, 4 жоба банк қарауына жіберілді, 4 жоба – бизнес-жоспар құру кезеңінде.
Естеріңізге салсақ, облыс деңгейіндегі жобалық алқалар Өңірлік кәсіпкерлер палаталары жанында әкімдіктер, банктер, «Даму» қорының филиалдары, бизнес-қоғамдастықтардың қатысуымен жұмыс істеп жатыр.
Бағдарламаға қатысуға ниет танытқан кәсіпорындар арасында сауалнама жүргізу – Жобалық алқа жұмысының маңызды кезеңі болмақ. Сауалнама банктер өтінішін мақұлдамаған компанияларды анықтауға және саладағы өзекті мәселелерді білуге мүмкіндік береді.
«Әр апта сайын ақпаратты жинақтап, бизнеспен талқылайтын боламыз. Кәсіпорындарға қолданыстағы бағдарламалар аясында қолдау шараларын түсіндіреміз. Жұмыс сапарымен өңірлерге барып, кәсіпкерлермен кездестік. Бизнес өсіп, кеңейгісі келеді, алайда екінші деңгейлі банктердің кепілдікке қатысты талабы әлі де өзекті. Кәсіпкерлердің жобалары толық жүзеге асқанша барынша сүйемелдеп отыруға мүмкіндік те бар», – деді «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ Басқарма төрайымы Дана Жүнісова.
Кәсіпкерлер Бағдарламаға қатысты ақпаратты, сондай-ақ қажетті кеңесті Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанында құрылған Жобалық алқадан алуына болады.
Естеріңізге салсақ, биыл Елбасының тапсырмасымен халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ шикізат және бастапқы өңдеу өнімдер өндірісін қолдауға Үкіметтен 600 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, бұл қаражат өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қолдауға бағытталады.
Айта кетелік, Бағдарлама аясында дайын өнім өндірісіне ғана емес, сондай-ақ қажетті шикізат және бастапқы өндеу өнімдерін шығаруға қолдау көрсетіледі.
Қазіргі таңда Бағдарлама жұмысына екінші деңгейлі 9 банк қосылды. Қаржыландыруға қол жеткізу үшін кәсіпкер банкке өтінім жіберіп, бизнес жобаны бағалау және мақұлдау процедураларынан өтіп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгінуі қажет.