Жамбыл облыстық қазақ драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді

0 16

27 наурыз — Халықаралық театр күні. Айтулы күні Жамбыл облыстық қазақ драма театрында «Сен, Мен!» атты кезекті жаңа қойылымының тұсауы кесілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қойылым алдында театрдың төл мерекесіне орай, өнер ұжымын құттықтауға келген облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, республикалық Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Жамбыл облыстық филиалының және облыстық Ардагерлер кеңесінің басшылары сахна өнерінде үздік танылып жүрген бірқатар әртістер мен қызметкерлерді Алғыс хаттармен, грамоталармен марапаттады. Марапаттау соңында наурыз көже таратылып, құдайы тамақ берілді.

Соңынан келген қонақтар театрдың «Сен, Мен!» атты жаңа қойылымының премьерасын тамашалады.

«Сен, Мен!» драмасын қырғыз драматургі Мар Байжиевтің «Дуэль» атты пьесасының желісі бойынша сахнаға дайындаған – режиссер Камат Касенов. Сценографиясын дайындаған — қоюшы-суретші Рахат Сапаралиева.

Оқиға желісі Нази есімді қызды теңіз жағасына демалуға «Сен» яғни Ескендір атты жігіт алып келеді.Ескендір қызды алдамшы сезімнің жетегінде жетелеп жүрген кейіпкер. Нази қыздың шын бақытты іздеу жолындағы күресі осы жағалауда жалғасады. Ол «Мен» яғни  Азиз деген  бейтаныс жігітке жолығады. Бойжеткен жаңа танысқан жігітке «Бақыт деген не?» деп сауалын қойып, жауап сұрайды.Осылайша оқиға өрби түседі. Қойылым  Нази есімді қыздың махаббат, бақыт, өмір үшін алға ұмтылып, тура жол тауып, жанталасқан күресін сипаттайды.

Негізінен драманың басты идеясы «Бақыт» деген – ол, арман. Адам сол арманын жеткенде ғана бақытты болады деген шындықты көпшілікке жеткізу. Қойылымда басты кейіпкерлерді Ескендір мен Азизді бір актер сомдап шығады. Бұл драманың ерекшелігіде осы.

Драманың басты кейіпкерлері Сен-Ескендірді де, Мен-Азизді де бір ғана актер – Кенен Ақүрпеков сомдайды.

Бір-біріне мүлдем қарама-қайшы екі кейіпкерді бір қойылымда, бір мезгілде үлкен шеберлікпен ойнап шығуы, сөз жоқ, Кененнің мықтылығы!

Актер Кенен Ақүрпеков осы қойылым арқылы өзін тағы бір ерекше қырынан танытты!

Ал, Нази қыздың ролін сомдауға театрдың жас актрисалары Альмира Ділда мен Әсем Қондыбаева дайындалды. Олар әр қойылымда бірін-бірі ауыстырып, Нази қызды кезекпен сомдайтын болады.

Премьера күні Нази қызды актриса Альмира Ділда сомдап шықты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.