Ағымдағы жылы еліміздің үш өңірінде Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылады. Бұл туралы ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Көші-қон қызметтерін көрсету орталықтарын ашу жұмысын «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірге бастап кеттік. Алғашқы Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы елордада ашылып, бүгінде еліміз бойынша 14 орталық жұмыс істеп тұр. Осы жылдың бірінші жартыжылдың соңына дейін қалған үш өңірде — Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында Көші-қон қызметтерін көрсету орталықтары ашылады», — деді ол БАҚ өкілдеріне елордадағы Көші-қон қызметтерін көрсету орталығының жұмысын таныстыру барысында.
Осы ретте комитет басшысы Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ең мигранттарын заңдастыру мақсатында ашылып отырғандығын баса айтты.
«Ертеректе еңбе мигранттары барлық қажетті сатыдан өту үшін айға жуық уақытжұмсайтын. Ал қазір барлық жұмыс бір терезе қағидатымен Көші-қон қызметтерін көрсету орталығында шоғырландырылған. Бүгіндееңбек патентін тәулік ішінде алуға болады. Рұқсат үш айға беріледі. Одан кейін мигрант оны созуы тиіс. Мигрант еңбек патенті үшін айына 2 АЕК көлемінде салық төлейді», — деді Мұрат Қабденов.
Айта кетейік, ағымдағы жылы елімізге шамамен 600 мың еңбек мигранты келетіндігі күтілуде.
Жалпы, 2018 жылы Ішкі істер министрлігі 19,5 млн мемлекеттік қызмет көрсеткен. Ал осы жылдың қаңтар-ақпанында көрсетілген қызмет саны 2,7 миллионға жетіп отыр.