Қазақстанда 1 сәуірден бастап қызылшаға қарсы вакцинация жүргізіледі, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай көңіл көншітпейді. Сондықтан, бүгінгі таңда біздің қызметкерлеріміз алдын алу жұмыстарына баса назар аударып отыр. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде 4670 жағдай тіркелді. Оның ішінде балалардың қызылшаға шалдығуы 71 пайызды құрайды. Соңғы аптада елімізде 450 жағдай тіркелді», — дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы — ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қызылша көбінесе бес өңірде тіркеліп жатыр.
«Жалпы, қызылша барлық өңірлерде тіркеліп жатқанын атап өтуім керек. Ал бес өңірде өршу байқалады. Ең біріншіден, Нұр-Сұлтан қаласында ағымдағы жылы 1342 жағдай тіркелсе, Алматыда 84 жағдай, Шымкентте 700-ден астам жағдай тіркелді. Сол секілді Ақмола және Түркістан облыстарында осыған ұқсас жағдай. Сырқаттану көбінесе қызылшаға қарсы егілмеген балалардың арасында тіркеледі», — дейді ол.
Жандарбек Бекшин атап өткендей, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда жоғары тәуекел тобындағы адамдарға қызылшаға қарсы вакцинация жүргізіледі.
«Оның басты мақсаты — халық арасындағы иммунитет деңгейін көтеріп, қызылша ауруының тіркелуін тоқтату. Сондықтан, қазір вакцинацияға үш тәуекел топтарын енгіздік. Оның ішінде бірінші осы топқа енетіндер — 1 жастан кіші балалар. Яғни, 9 айдан бастап балаларға вакцина егіледі. Бұрын егілмеген, қызылшамен ауырмаған, 5 немесе одан да көп жыл бұрын тек бір екпе алғандарға да вакцинация жүргізіледі. Яғни, олар — 30 жасқа дейінгі азаматтар. Үшіншіден, медицина қызметкерлері. Себебі, баршамызға мәлім, бұл топтағы адамдардың аурулардың арасында жұмыс істейді», — деді Жандарбек Бекшин.