Ағымдағы жылдың 29 наурызында Жамбыл облысы «Днипро» украин этномәдени орталығы белгілі ақын Тарас Шевченконың 205 жылдығына арналған облыстық фестивалі өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Украин ақыны Тарас Шевченконың тағдыры мен шығармашылығы үш елді – Украина, Ресей және Қазақстанды байланыстырды. Наурыздың 9-ы күні туған, қысқа ғұмырының жеті жылы қазақ жерінде өткен. Кирилл-Мефодий мәдени-ағарту қоғамының мүшесі болғаны үшін және әсіресе орыс патшайымы туралы пародия-өлең жазғаны үшін айыпталып, қатардағы солдат болып қызмет ету жазасына кесілген оны Қазақстанға жер аударған. Мұнда Тарас Шевченко он жыл бойы, 1847 жылдан бастап 1857 жылдар аралығында саяси жер аударылды. Ол қазақ халқының өмірі мен тұрмысын шындық тұрғысынан, терең түсінікпен және шын ниетімен көрсеткен бірінші украин суретшісі болды. Ұлы қазақ халқы туралы орыс тілінде жазғандардың алғашқысы, өзінің көптеген суреттерінде шексіз қазақ даласының табиғаты мен көшпелі халықтардың өмірін бейнеледі. Мұнда ол үлкен көлемде поэтикалық шығармалар мен повестерді жазды.
Мұхтар Әуезов белгілі ақын туралы «Тарас Шевченко ең бірінші реалист-суретші, реалистік тұрғыда қазақ халқын, қазақ даласын, қазақ қырын бірінші болып Еуропаға танытқан» деген еді.
Ақынның құрметіне арнап «Днипро» украин этномәдени орталығы Тарас Шевченконың 205 жылдығына орай облыстық көлемде әдеби кеш түрінде фестиваль өткізді.
Фестиваль барысында концерттік бағдарлама ұсынылып онда аталған ақынның өлеңдері оқылып, әндер айтылып, би биленді. Тарас Шевченко туралы бейне ролик көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, кешке «Маричка», Асыл ана» вокалдық ансамблдері, «Үкілім-ай», «Жас дәурен» би топтары, этномәдени бірлестік өнерпаздары және мектептен тыс жұмыс орталығының балалары қатысты. Фестивальдің ең жас әншісі Мухрабек Балтабек патриоттық «Мен қазақпын!» әні мен «Он алты қыз» көңілді-сықақ әнін ерекше талантпен орындап, жұртшылықты таң қалдырса, сонымен бірге украин этномәдени бірлестігінің белсенді жас әншісі, «Днипро» этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесі төрағасы Сергей Зуенканың немересі – Виктория да «Я бажаю Вам добра» атты украин әнін асқан шеберлікпен орындап, жиналғандардың ілтипатына бөленді.
Кеш барысында бүгінгі күнгі мерекемен Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызы «Днипро» украин этномәдени орталығының төрағасын, өкілдерін және кешке қатысушы қонақтарды құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді:
— Қазақстанның көрнекті украин ақын, суретшісі және этнографы Тарас Шевченко Қазақстанның кең байтақ далаларында өмірінің 10 жылдан астам уақытын өткізіп, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне құнды көркем, әдеби, және ғылыми үлесін қосты. — Қазақстандағы Кобзар- ақын Тарас Шевченконың шығармашылығынан, ой-толғауларынан оның ерекше сезімін, гуманизмін және адамгершілігін, қарапайым қазақ халқына деген қайырымдылығын, шын ақ ниетін көреміз. Бұл — бауырлас Украинадағы ұлы генийдің бейнесі. Бүгінде біз Қазақ елі бұл ақынның есіміне үлкен құрметпен, ерекше мейірімділікпен қараймыз. Және де, бүгінгі күні украин этомәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара бауырластық махаббат пен өзара сыйластықтың көрінісі іспеттес, — деді Ол.
«Днипро» украин этномәдени орталығының төрағасы Федор Леонтьевич Клименко да жиналған жұртшылықты құттықтап, іс-шараға белсене қатысушыларды арнайы алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпат көрсетті.
Айта кетейік, тарихта таңбасын қалдырған есімдер көп. Оларға украиндық Кобзар, ұлттық мүдделер үшін күрескен ақын және суретші Тарас Шевченконың аты да кіреді. Оның поэзиясы советтік одақтық мемлекеттердің барлық мектептері мен жоғарғы оқу орындарының – институт, университеттерінің оқу бағдарламаларында кеңінен көрсетіліп отырады. Ақынның поэтикалық мұрасының ең жақсы мысалдары әлемнің барлық тілдеріне аударылды. Т.Г.Шевченко Қазақстанның жүрегінен құтты орын алған ақын. Шевченконың жарқын, бірақ өте қысқа өмірінің он бір жылы Қазақстанда өтті. Шығармаларында еркіндікке деген сүйіспеншілігін білдіргені үшін өз жеріндегі патша үкіметіне жақпай жер аударылған.