2 сәуір — Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні

0 151

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы желтоқсанның 18-інде белгіленген қарарына сәйкес, аутизмге шалдыққандарға қоғамның назарын аудару үшін 2008 жылдан бастап жыл сайын «2 сәуір — Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні» деп белгіленген. Бұл туралы ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Облыста ерекше білімді қажет ететін 7911 мүмкіндігі шектеулі баланың 125-і аутизмге шалдыққан. Қазіргі кезде облыстағы жалпы білім беретін 446 мектептің 308 және 381 мектепке дейінгі білім беру мекемесінің 127-де ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу және оқыту үшін барлық жағдай жасалған.

Сондай-ақ, «Dara» және «Samruk Kazyna Trust» қайырымдылық қорларының қолдауымен Тараз қаласында №25 орта мектеп жанынан инклюзивті білім берудің ресурстық кабинеті ашылып, онда 120 ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалар оқытылуда.

Аталмыш дертке шалдыққан балаларға жағдай жасау мақсатында 2019 жылы облыстық білім басқармасы Астана қаласындағы Ұлттық оңалту орталығы және Алматы қаласындағы «Болашақ» корпоративтік қорымен ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойды. Меморандум аясында 2019-2020 оқу жылында Тараз қаласындағы 2 орта мектепте «Әр бала мектепке лайықты» жобасы аясында аутизм және басқа да дерттерге шалдыққан балаларға арналған инклюзивті қолдау кабинеттерін ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығының мамандары аутизм белгісі бар балалармен және олардың ата-аналарымен, түзету кабинеттері мамандарымен, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерімен бірлесе жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыстар да биыл өз жалғасын тауып, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.

— Сағат 10.00-де Тараз қаласындағы Оңалту орталығында «Біз бақытты баламыз» акциясы өтеді (Сағындықов көшесі,7 үй);

— Сағат 10.00-де Тараз қаласындағы №25 орта мектепте оқушылар флешмоб, «Мәңгілік Қазақстан» тақырыбында сурет көрмесін өткізіп, асфальтқа сурет салады (Ақбозов көшесі,28 үй);

— Сағат 11.30-да бұл күннің басшы шарасы Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта «Аутизм. Мүмкіндіктер әлемі» тақырыбында облыстық конференция өтеді (Пушкин көшесі, 36 үй).

Leave A Reply

Your email address will not be published.