Кемеңгер басшы – кемел келешектің кепілі

0 59

Осыдан 20 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев құрған «Nur Otan» партиясының түпкі мақсаты – саяси жұмыс әдістерімен азаматтық қоғамның дамыған институттары, қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті саяси жүйесі бар экономикалық мықты, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға қол жеткізу. Сондықтан да нұротандықтар әрдайым еліміздің тағдырына қатысты оқиғалардың басы-қасында жүреді. Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Үндеуін ұжымымызбен бірге тыңдадық. Айтылған мәселелерді өз арамызда талқылап, бір-біріміздің пікірімізбен бөлісіп, ойымызды ортаға салдық.

Халыққа арнаған Үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемде болып жатқан жағдайлар біздің елге де өз әсерін тигізбей қоймайтынын, ел тыныштығы мен мамыражай тұрмысын сақтау үшін Президент сайлауын өткізу маңызды екенін баса айтты. Сол себепті де Президент сайлауы мерзімінен бұрын 9 маусымда өткізілетінін жариялады. Әрине, бұл сайлау қажеттіліктен туындап отыр. Биліктегі тұрақтылықты түбегейлі жолға қойып, мемлекетіміздің даму қадамындағы жаңа кезеңге аяқ басуға тиістіміз.

Өткеннің өнегесі қашан да өркениетке бастайтыны хақ. Көрген-білгенін кейінгі ұрпағына өсиеттеген біздің дана бабаларымыздан қалған «Ақылды басшы алдырмас» деген аталы сөз бар. Кемеңгер басшы – кемел келешектің кепілі. Бәрінен биік халық өз көшбасшысын сайлап, жаңа белеске бірлікпен қадам басады. Ең бастысы – ел ішіндегі тыныштық пен бейбітшіліктің тұрақтылығы, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болуы.

Алдағы сайлауды да ауызбіршілікпен өткізіп, халқымыздың доспейілді, бірлікшілдігін әлемге тағы да дәлелдейміз деп сенемін.

Ерқанат Манжуов,

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.