Жамбыл облысында мектеп мұғалімдері жұмысқа автоматтандырылған жүйе арқылы қабылдануда. Өңірде бұл бағытта «jumis sitcen.kz» базасы енгізілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Тың жоба орта білім беру ұйымдарына педагог кадрлар мен қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мұнда бос жұмыс орындары да жарияланады.
Жоба «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Ақпараттық жүйе электрондық еңбек биржасымен интеграцияланған. Ортақ жүйе іске қосылғалы бері аймақта 831 бос жұмыс орны жарияланып, 202 маман тұрақты жұмысқа орналасқан. Айта кету керек, қазір жалпы облыс мектептеріне 360 педагог қажет.
«Құжатын сайтқа орналастыру, жүктеу арқылы бірінші бағалаудан өтеді. Екінші тестілеуге жіберіледі. Тестілеудің нәтижесін алғаннан кейін ғана әңгімелесуге келеді. Оған дейін жұмыс іздеушінің басшыға кім екені белгісіз болады. Сайт күнделікті ашылып, қаралып отырады. Енгізілген әр бос орын мен жұмыс іздеушінің құжаты 5 жұмыс күні базада сақталады»-дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ақбота Махашева.