Жамбыл облысында білім және теміржол саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің басшысы Равиль Қуанышбайұлы және «Жамбыл-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Қайрат Меклисұлының қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Спикерлер Тараз қаласындағы оқу орындарында өткен «Сенім жәшігі» акциясының қорытындысы мен темір жол саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністері туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
— «Жамбыл–адалдық алаңы» жобасы аясында құқық бұзушылықтарға бейім оқытушыларды анықтау мақсатында «Сенім жәшігі» акциясы Тараз қаласындағы оқу орындарында наурыз айының 10–нан бастап өткен. Сауалнама қорытындысына сәйкес, жалпы 2717 студент (95,7 пайыз) жемқорлық фактілерін кездестірмегенін көрсетсе, 121 білімгер (4,3 пайызы) парақорлық фактілерінің бар екендігін атап көрсетті. Оқу орындарының басшылары сауалнама қорытындыларын назарға алып, алдағы уақытта аты аталған оқытушыларды қатаң бақылауда ұстайтынын айтты, — деді Равиль Төлебаев.
Бүгінде облыста «Адал жол» жобасын жүзеге асыру аясында темір жол саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтау мақсатында әртүрлі шаралар тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.
«Жамбыл – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері Департамент қызметкерлерімен, Арнайы мониторингтік топ мүшелерімен, Жамбыл облысының көліктік бақылау инспекциясы мен желілік полиция бөлімінің өкілдерімен берлесе облыс аумағынан өтетін поездарда рейдтік шаралар өткізіп тұрады. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың 3 айында көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлері 2 жолсерікті билетсіз жолаушыларды алып жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сондай-ақ, 2019 жылғы 14 наурыздағы тексеру шаралары барысында №55 Көкшетау – Қызылорда поезынан билетсіз жолаушыны алу фактісі анықталды. Аталған дерек бойынша Көліктік бақылау инспекторы ҚР ӘҚБК 623 бабының 4 бөліміне сәйкес, көрсетілген поездың жолсерігі Б.Е.Әжіхановқа қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Ал, 15 наурызда №316 Қазан – Ташкент бағытындағы поездың жолсерігі С.У.Назаров та жолаушыны билетсіз қабылдағаны үшін осындай әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, №9 Алматы – Нұр-Султан, №85 Сарыағаш – Нұр-Сұлтан, 377 Алматы – Маңғыстау, 21 Семей – Қызылорда поездарын тексеру барысында көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері техникалық бұзушылықтарды анықтап, бұзушылықтарды жою жөнінде актілер толтырды.
«Жасырын сатып алушы» әдісімен жүргізілген іс-шаралар барысында жұртшылықтың белсенді өкілдері темір жол көлігіне жолаушыларды билетсіз салып жіберу қызметін ұсынатын делдалдық жұмыстарын, кейбір жолсеріктердің белгілі бір сомаға билетсіз жолаушыларды қабылдауға келісу, жүкті келісілген станцияға дейін ешбір рәсімдеусіз алып кету фактілерін анықтады.
Ағымдағы жылдың 7 сәуірінде Тараз темір жол вокзалының ішінде Сарыағаш – Нұр-Сұлтан поезына билетсіз жолаушыны 10 000 теңгеге салып жіберетінін, оның 9 000 теңгесін жолсерік алатыны, ал 1 000 теңгесін қызметі үшін өзі алатыны туралы айтқан азаматшының әрекеттері анықталды. Сол күні №378 Маңғыстау – Алматы поезының №16 вагонының жолсерігі Алматы қаласына 5 000 теңгеге билетсіз жолаушыны купе вагондағы төменгі жайлы орын тауып беру арқылы алып кетуге дайын екендігін жеткізген. Сондай-ақ, аталған іс-шаралар барысында поезға жүкті заңсыз қабылдап алу дерегі анықталды. №23 Алматы – Ақтөбе поезының №11 вагонының жолсерігі Ақтөбе станциясына дейін жүкті ешқандай рәсімдеусіз 1 000 теңгеге алып кеткен.
Анықталған бұзушылықтардың бейнежазбалары Жамбыл станциясындағы желілік полиция бөлімі мен Тараз қаласы вокзалының басшылығына тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.