«Болашақ» халықаралық стипендиясына құжаттар қабылдау басталды

0 0

«Болашақ» халықаралық стипендиясының 2019 жылғы құжаттар қабылдау басталды және бұл шара 31-ші тамызға дейін жүргізіледі. Бұл туралы ӨҚК алаңында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілі Алтай Нұрланұлының қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

— 1993 жылы Елбасының бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылып, еліміздің білімге құштар жастарын шетелге оқуға жібере бастайды. Расымен, сонау бір қысылтаяң кезеңде ештеңеге де қарамастан мұндай салмақты шешім қабылдау расымен көрегенділіктің белгісі болса керек. Себебі, дәл осы шешім ел мүддесінің, «болашағының» негізін қалады. Содан бері 25 жыл ішінде 13 мыңнан астам стипендия тағайындалып,шетел асып, озық біліммен сусындаған 10 мыңнан астам маман оқуларын тәмәмдап, елге оралған, — дейді спикер.

Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы Қазақстан елінің білім саласындағы нәтижелі бір брендке айналды. Бағдарлама ел экономикасына айтарлықтай серпіліс алып келіп қана қоймай, адами капиталдың дамуына да айрықша үлесін қосты.

— XXІ ғасырда елімізді озық елдер қатарынан көру үшін адами капиталды дамыту керек. Кез келген саланың мамандары сауатты, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ол ел дамуының негізгі көзі болады. Жалпы білім алғысы келетін кез-келген адам шетелдік университеттер, агенттіктер өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, өзіне қажеттісін таңдай алады, — дейді  Алтай Нұрланұлы.

Оның айтуынша, орталықтың негізгі мақсатының бірі — Қазақстанды Орта Азиядағы «білім хабы» жасау, елдегі жоғарғы оқу орындарын белгілі бір дәрежеде әлемдік деігейдегі университтермен қатар тұра алатындай етіп даярлап шығару.

Сондай-ақ, орталық 200-ден астам шетелдік университеттермен жұмыс жасай отырып, биылғы жылы қазақстандықтар үшін шамамен 40 000-ға жуық гранттар тартып отыр. Бұған қоса, Үкімет аралық гранттарға сұраныс жоғары. Биылғы жылы Венгрия, Қытай, Польша т.б. елдер Үкіметаралық гранттарын ұсынып отыр.

Ал, жалпы Орталық жыл бойы үздіксіз шетелдік университеттермен байланыс орнатып, гранттар тартумен жұмыс жасайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.