Мамандардың айтуынша, тәтті газдалған сусын ішкен адам енжар күй кешеді. Ұлыбритания және Германия ғалымдары қанттың адам ағзасына әсері туралы 31 түрлі зерттеуді саралап, қант адамды белсенді етеді деген пікірді жоққа шығарды. Олардың қорытынды мақаласы Neuroscience & Biobehavioral Reviews басылымында жарияланған.
Мамандардың айтуынша, 1950 жылдары тәтті газдалған сусын пайда болғаннан бастап адамдар қарапайым көмірсуларды көп пайдаланады. Қазір АҚШ халқы тиісті мөлшерден үш есе көп қант жейді.
«Қант адамның көңілкүйін жақсартады деген ұғым поп мәдениетте кең тарап кетті. Сондықтан бүкіл әлемде адамдар көңілкүйін көтеріп, шаршағанын басу үшін тәтті сусындар іше бастады», — дейді Берлиндегі Гумбольдт университетінің психологы Константинос Мантантзис.
Қант жеген соң адам өзін жақсы сезіне бастайтынын көрсететін зерттеулер өте көп. Алайда зерттеушілер бұл жұмыстарды жаңаша саралап шықты: қантты қашан және қалай, ең бастысы, қанша жегені ескерілді.
Ақыры соңында мамандар бұрынғы зерттеу нәтижелеріне кереғар қорытынды жасады. Олардың айтуынша, тәтті газдалған сусын ішкен адам, керісінше, енжар болып кетеді.
«Біздің зерттеуіміз «қант безгегі» туралы аңызды жоққа шығарып, қоғамдық денсаулық сақтау органдары қантты аз жеуге бағытталған саясат жүргізеді деп үміттенеміз», — деп атап өтті британдық Уорик университетінің ғылыми қызметкері Элизабет Мейлор.
Дереккөз: Sputnik Қазақстан