Үш тілділік – заман талабы

0 33

Ұстаз – қадір-қасиеті мол, шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің, қажымас қайрат пен шығармашылықтың, үздіксіз іздену мен оқып-үйренудің адамы болғандықтан, оған шәкірт тәрбиелеу міндеті жүктелген. Сондықтан да қарапайымдылық пен кішіпейілділік, адалдық пен әділдік, байқампаздық пен сезімталдық, мейірім мен ізгіліктің үлгісі — ұстазға тән қасиет емес пе?

«Бәрі де мұғалімнен басталады» деген орынды сөз, оның білімі, адамгершілігі, балаға деген сүйіспеншілігі, олардың келешекте жеке тұлға болып өсуіне ықпал жасайды. Жан жылуын, бар білімін баланың бойына сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге білімді азамат болып аттануына зор үлес қосатын мейірбан жүректі ұстаздарымыз аз емес.

Күні кеше «Үш тілділік заман талабы» атты жоғары сынып оқушылары арасында пікірталас өткіздік. Расында өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — қазіргі кезде заман талабына айналып келе жатыр. Себебі, Елбасымыздың үштілділік жөніндегі “Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын.

Бүгінгі таңда мемлекетімізде үштілділік мәселесін нақты іс түрінде жүзеге асыру керек. Бүгінгі жастар, ертеңгі ұрпақ үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей деген сөз емес. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тұғыр сөзі діңгек, қазық деген мағынада қолданылады. Ағылшын тілі — қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі.

Сондықтан осы тілді жетік меңгеру арқылы өз еліміз бен жерімізді, мәдениетімізді таныта аламыз. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы әлем тілдеріне аударылу арқылы барша халық қазақты, Абайды таныды. Біздің салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге қанықты. Үштілділік біз үшін қалыпты жағдай болуы тиіс. Ағылшын тілін білу жастарға əлемнің ең үздік жоғарғы оқу орындарында білім алуға, алдыңғы қатарлы мемлекеттерде тəжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бұл кез келген елде кəсіпкерлікпен айналысудың, іскерлік қарым-қатынас жасаудың маңызды құралы болып табылады. Үш тілді қатар меңгеру жас ұрпақтың еркін самғауына жол ашады. Пікірталас кезінде осындай ойлар кеңінен айтылып, тақырып мазмұны ашыла түсті. Оқушылар үш тілде еркін сөйлесіп, бүгінгі таңда орын алып саяси өзгерістер жайлы да ойларын білдірді. Жаңашылдық деген осы.

Тоғжан Әлиева

Сарысу ауданы, Абылай хан атындағы лицейдің

ағылшын тілі пәнінің оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.