Байзақ ауданында барлығы 18 977 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген
Байзақ ауданында 2018-2019 жаңа оқу жылында барлығы 18 977 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Оның ішінде аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан бала саны – 1415. Бұл туралы ӨКҚ алаңында аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
2018 – 2019 оқу жылында ауданда 87 білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Қазіргі таңда аудан мектептерінде 19 831 оқушы, білім алуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 816 оқушыға артық. Ауданның 43 мектебі де интернет желісіне қосылған. Ал Сарыкемер мектеп-гимназиясында ІТ-сыныбы ашылып, жұмыс жүргізілуде. Қыркүйекте 3 мектепте ІТ-сыныптарын ашу жоспарланған.
«Аудан бойынша бүгінгі күні 37 балабақша мен 9 шағын орталықта барлығы 4503 бала тәрбиеленуде. 2019 жылы жекеменшік әріптестік негізінде тағы да 2 балабақша ашу жоспарланып отыр», — деді Рахматілдә Сегізбайұлы
Айтуынша, аудан бойынша 5 мектеп күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оның үшеуінің күрделі жөндеу жұмыстарына 2018 жылы жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі таңда жобалар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал, Түймекент, Бурыл орта мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 9 млн 398 мың қарастырылған. Осыған байланысты, ЖСҚ-ды әзірлеуге Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасынан келісім алынған.