Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды жобалар талқыланып, «Жамбыл — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің есебі тыңдалды. Бұл туралы «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының жетекшісі Дамир Егізбаев баяндама жасап, жоспардағы іс-шараларға тоқталып өтті. Ол білім, тұрғын-үй комуналдық-шаруашылық және қауіпсіздік салалары бойынша 16 жобаның көзделіп отырғанын жеткізді. Асқар Исабекұлы ұсынылған жобалардың бірқатарын маңыздылығы мен өзектілігіне қарай қайта саралау керектігін, кейбір жобаларға жұмсалатын қаржы көлемін үнемдеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Басқосу барысында «Жамбыл — адалдық алаңы» жобасының атқарған жұмыстары да тыңдалды. Жобалық кеңсесінің басшысы Қайрат Меклисов тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы орта құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру блоктары бойынша атқарылған шараларға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, жоба аясында бүгінге дейін өңірде 174 «Адалдық дүкені» ашылса, оның 2-і жоғарғы оқу орнында, 7-і колледж және 160-ы мектептерде орналасқан.
«Артық алаңдарды тиімді пайдалану» бойынша 440 мектепке зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде кабинетінің аумағы 35-50 шаршы метрді құрайтын 74 мектеп директорының кабинеттері 11-20 шаршы метрлік алаңдарға қысқартылған. Босатылған 866 шаршы метр алаңдарға робототехника, сурет және ағылшын тілі сыныптары ашылған. Сондай-ақ, 17 мемлекеттік орган басшыларының демалыс бөлмелері анықталып, өзге қажетті мақсаттарға пайдалануға берілген. Ал, 5 мемлекеттік орган коммуналдық меншіктегі ғимаратқа орналастырылып, нәтижесінде 16 миллион теңге қаражат үнемделіпті.
Жобалық кеңсенің «Сенім жәшігі» акциясы аясында өңірдегі 3 жоғары оқу орны мен 19 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің 3759 студенті арнайы сауалнамаға қатысыпты. Сауалнама қорытындысы бойынша 125 студент оқытушылардың атын атай отырып, олардың 2000-7000 теңге көлемінде сыйлық алатындығын жазып көрсеткен. Бұл ғана емес, жобалық кеңсенің қатысуымен денсаулық сақтау саласындағы заңсыз анықтамалар сату, жүргізуші куәлігін беру, жол белгілерін жою, техникалық байқау пунктеріндегі анықталған заң бұзушылықтар да жоқ емес болып шықты. Өз сөзінде жобалық кеңсе басшысы Қайрат Меклисов өңір басшысынан аудандарда «Сервистік әкімдік» орталықтарын ашуға ықпал етуін сұрады. Асқар Исабекұлы алдымен орталық жұмысының тиімділіктерін анықтап алу керектігін, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Өңір басшысы «Жамбыл — адалдық алаңы» жобасының маңыздылығын атап өтіп, жоба жұмысын одан әрі күшейтуді тапсырды. Асқар Исабекұлы анықталған кемшіліктер мен заң бұзушылықтар туралы ай сайын тиісті облыс әкімінің орынбасары мен қатысты басқарма басшыларына мәлімет беріліп, жауапты тұлғалар өз деңгейінде шешім қабылдауы керектігін баса айтты. Сондай-ақ, жобаның жұмысы тоқсан сайын облыс әкімі деңгейінде қаралып, жоспары сараланып отыратын болды.