Жамбылдық полицейлер жас баланың өліміне қатысты күдіктіні ұстады. Бұл туралы бүгін Талас ауданы Қаратау қаласында өткен брифингте Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев мәлімдеді, — деп жазады «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2019 жылдың 24 сәуірінде Талас ауданы Қаратау қаласының кәмелеттік жасқа толмаған тұрғыны жоғалып кеткен болатын. Ағымдағы жылдың 25 сәуірі күні қаланың сыртынан жоғалған қыздың мәйіті табылып, Полиция департаментімен қылмыстық іс «кәмелетке толмағанды өлтіру» бабына ауыстырылды.
Аса ауыр қылмысты ашуға Ішкі істер министрлігінің, Жамбыл облысы Полиция департаментінің, прокуратура және тағы басқа күш құрылымдарының тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылды.
Полиция қызметкерлерінің кәсіби іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталды. Іс бойынша айғақ заттар алынды. Ол — 37 жастағы Қаратау қаласының тұрғыны, отбасылық жағдайы — үйленген және бұрын Қылмыстық кодекстің 175-бабы 2-бөлімімен (ұрлық) сотты болған.
Аталған дерек бойынша бірқатар сот-медициналық сараптамалар кешені тағайындалды.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.