Рахматілдә Рахманбердиев Түймекент ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды

0 13

Облыс әкімінің өкіміне сәйкес, бекітілген кесте бойынша аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев Түймекент ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Сапар барысында елдімекендердегі әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысып, Ғазиз Байтасов атындағы тірек мектебінде кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, әлеуметтік сала қызметкерлері және ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Аудан басшысын ауылдық округ әкімі Сұлтанбек Медеубеков қарсы алды.

Ауылдық округ орталығындағы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының тыныс-тіршілігімен танысудан басталған жұмыс сапары Түймекент орта мектебінде жалғасты. «Достық-99» шаруа қожалығында болып, ондағы көктемгі дала жұмыстарынан хабардар болған аудан әкімі қожалық басшысымен өрт сөндіру бекетін орналастыру мәселесін талқылады. Бұдан соң ауылдық мәдениет үйін аралап, сол жерде орналасқан ақпараттық орталықтың тұрғындарға көрсетіп отырған қызмет барысына куә болды. Орталық жұмысында орын алған кемшілікті сынға алып, тиісті сала басшысына тапсырма жүктеді. Ауылдық дәрігерлік амбулатория мен ауыл мешітінің жағдайын саралаған соң, округке қарасты Ақжар ауылына бет бұрды. Мұнда алдымен ауылдық дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысып, ондағы ауыл тұрғындарының денсаулықтарына байланысты қабылданған шаралар туралы мәліметтерге қанықты. «Ақжар» бөбекжай-бақшасы мен Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінде болып, ондағы жылу жүйесі, жөндеу жұмыстарына байланысты өз ойымен бөлісті. Қандай да бір әлеуметтік нысанда болмасын аудан әкімі тазалыққа мән беріп, мекеме ғимараттары айналасын абаттандыру, көгеріштендіру керектігін пысықтады.

Рахматілдә Сегізбайұлы жұмыс сапарының соңын Ғазиз Байтасов атындағы тірек мектебінде өткен жиынмен қорытындылады. Аталмыш жиында аудан басшысы негізгі бағыт — ауыл тұрғындарының табысын арттыру екендігін алға тарта отырып, бүгінгі таңда, егін және мал шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Кездесуде сөз алған ауданның Құрметті азаматы, Ақжар ауылының тұрғыны Тәуірбек Әшімов шаруа қауымды алаңдатып отырған мәселе, яғни, өндірілген өнімдерді өткізу жайында сөз қозғады. Аудан әкімі орынды көтерілген мәселеге байланысты жауап бере келе, «Әулие Ата — Феникс» ЖШС-нің жүгері мен арпа егетін шаруаларға жасап отырған жеңілдіктерін жеткізіп, «Есенбаев» жеке кәсіпкерлігі май өңдеу цехын іске қосқанын, соған қажетті күнбағыс өсіруді қолға алу керектігіне көңіл аударды. Ал, Түймекент ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жомарт Мұхамеджанов тоқсаныншы жылдары тұрмысы төмен отбасыларына шағын несие берілгенін мысалға келтіре отырып, осындай бағытта несие беру мүмкіндіктері қарастырылса деген ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындардың көпшілігі такси қызметін атқарып, салық төлемейтіні туралы өз ойымен бөлісті.

Маңызды мәселелер қамтылған кездесуде аудан басшысы Рахматілдә Рахманбердиев өңірдегі өзекті мәселе – кооператив құру, жерді тиімді пайдалану жайына ерекше назар аударып, тұрғындарды осынау істе белсенді болуға шақырды.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.