Таразда биыл 80 шақырымнан астам жол жөнделетін болады. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Тараз қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысында айтылды. Күн тәртібінде шаһар шырайын арттыруға арналған жобалар сараланып, олардың орындалу барысы қаралды, — деп жазады «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында «Арбат», «Шаxристан-Көне-Тараз» мәдени кешені, Қазақ xандығының монументінің аумағын абаттандыру шаралары қайта нақтылана түсіп, жобалар жоспары пысықталды. Өңір басшысы бой көтеретін нысандардың құрылыс жұмыстарын уақыт созбай бастау үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Асқар Исабекұлы бұл жұмыстардың маңыздылығын алға тартып, берілген тапсырмалардың жедел әрі мұқият орындалу керектігін баса айтты. Бұдан соң облыс әкімі Тараз қаласындағы бірқатар нысандарға ат басын бұрып, жұмыстарымен танысты. Мәселен Жамбыл облыстық әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қала жолдарын қайта түгендеп зерделеуінің нәтижесінде есепке алынбаған көше мен шағын бұрылыстар анықталған. Оның жалпы ұзындығы 535 шақырымды құрап отыр. Өткен жылы қала ішінде 18 шақырым жолға асфальт төселсе, ағымдағы жылы 80 шақырымнан астам жол жөнделетін болады.