Жамбыл облысында «Уылдырық-2019» науқаны өтуде. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық басшысының орынбасарлары Болат Асамбеков пен Талғат Тоғызбаевтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Спикерлердің сөзінше, дәл қазіргі уақытта Жамбыл облысында балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және оның құймаларында 1 наурыздан 1 шілде аралығында; Шу-Талас бассейнінің басқа су айдындарында 15 сәуірден 31 мамырды қоса алғандағы аралықта балық аулауға тыйым салу енгізілген. Тыныштық аймағын құру мақсатында Тасөткел су қоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзенінде жыл бойы балық аулауға тыйым салынған.
Сондай-ақ, брифинг барысында сала мамандары аталған шара бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
— Аталған шара бойынша өңірдегі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақты инспекциясысының мамандары «Уылдырық» шарасы кезінде бірлескен түрде қаскер балықшылармен күресу үшін рейдтер ұйымдастырып, 2019 жылдың 15 сәуірінен 31 мамыр аралығында барынша қорғау жұмыстарын бірлесіп атқару, «Уылдырық» шарасы кезінде балықтардың уылдырық шашу және тыныштық аймақтарында барынша қорықшылық қызметтер ұйымдастырылып, су айдындарының қорықшылары 24 сағат бойы жұмыс орнында болуы, 2019 жылдың 10-шы сәуірінен бастап транспорттық полияция қызметкерлерімен барлық су айдындарындағы су жүзу құралдарын тексеру жұмыстары жүргізіліп, құжаттары реттелінбеген немесе құжаттары мүлдем жоқ барлық суда жүзу құралдары мемлекет пайдаласына тәркіленіп алынсын деген шешім қабылданды, — деді Болат Дәулетқұлұлы.
Атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде, 15 сәуірден бастап «Уылдырық» шарасы бойынша инспекция қызметкерлері тыйым салынған аулау құралдарымен балық аулауға шыққан 6 қаскер балықшыларды ұстап, хаттама толтырылып, 72000 теңге келтірілген залал мөлшері салына отырып, істері сотқа жолданды және 1 қармақпен балық аулау фактісі тіркелді.