Байзақ ауданында өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші пысықталды

0 19

Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің төрағалығымен кезекті әкімдіктің мәжілісі өтті. Онда «Байзақ ауданының 2019 жылдың І-тоқсанында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы» аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Дулат Жақыпбеков баяндама жасады. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Баяндамашы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына төрт бағыт бойынша талдау жасалынғандығын атап өтті. Атап айтқанда, бірінші тоқсанда аудан бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарымен 1140,8 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,6 пайызды, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3426,0 млн. теңгені, немесе 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 106,2 % құрағандығына екпін салды.

Аудан бюджетінің түсімдері есепті мерзімге жоспары 113,5 %-ға орындалған.Бөлшек сауда айналымының көлемі 2425,9 млн. теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 217,7 пайызды, негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 2019 жылдың І-тоқсанында 1541,8 млн. теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 468,6 млн. теңгені құрап, ағымдағы жылдың үш айында 6341 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға артқан.

2019 жылдың бірінші тоқсанында 2543,4 тонна ет (сойыс салмақта), 6749,3 тонна сүт және 1 млн. 169 мың дана жұмыртқа өндірілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал өнімдерінің жұмыртқадан басқа барлық түрі артық өндірілген екен.
Сонымен қатар, Дулат Бекбосынұлы аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдері арасындағы келісімдерге енгізілген 19 индикаторлық көрсеткіштің орындалу деңгейіне жүргізілген талдау нәтижелеріне басымдық беріп, кейбір округтерде орындалмаған межені баса айтты.

Мәжіліс барысында аудан басшысы Рахматілдә Сегізбайұлы төртінші деңгейлі бюджеттің қазанын молайту көздерін іздестіру, инвесторлар тарту, елді мекендерде қатты қалдықтарды шығару жолдарын қарастыру, күл-қоқысты арнайы белгіленген жерлерге төкпеген жеке тұрғындарға айыппұлдар салу қажеттігін баса айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға тапсырма берді.

Бұдан бөлек, жол-көлік оқиғасының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту, шегірткемен күрес, ҰБТ-ға дайындық деңгейі және мектеппен қоштасу салтанатын білім ауласында өткізу үшін ата — аналармен түсіндіру шараларын жүргізудің маңыздылығы баса айтылды.

Мәжілісте басқа да мәселелер қаралып, тиісті қаулы қабылданды.

Ауыл жаңалығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.