Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің және облыстық Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің тапсырмасымен облыс аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің алдын алу мақсатында «Маячок» жедел-алдын алу іс-шарасы тұрақты негізде өткізілуде, — деп жазады «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері төртінші рет өткізіліп тұрған «Маячок» профилактикалық іс-шарасы Тараз қаласы Полиция басқармасының жол-патрульдік полиция батальоны, өртке қарсы қызмет және жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен болды.
Адам өмірі мен денсаулығы жедел жәрдем бригадасының немесе өрт сөндіру қызметінің оқиға орнына неғұрлым жылдам келуіне байланысты екені белгілі. Алайда, өкінішке орай, мұны бәрі бірдей түсіне бермейді. Ағымдағы жылдың 6 мамыры күні Тараз қаласында өткізілген «Маячок» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында үш сағаттың ішінде 7 көлік жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 598-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды (арнайы жарық және дыбыс сигналдары қосылған жедел және арнайы қызметтердің көлік құралының жүруіне басымдық бермеу).
Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларына тәртіпті сақтауға, заңдарды құрметтеуге, сондай-ақ дәрігерлерге, полицейлерге, өрт сөндірушілерге, ТЖ департаменті мен басқа да жедел қызмет өкілдеріне өз жұмысын орындауға кедергі келтірмеуге шақырады.
Арнайы қызметтердің көлік құралдарының жүруіне басымдық беру жөніндегі талапты жол қозғалысының барлық қатысушылары мүлтіксіз сақтауы тиіс екендігін тағы да ескертеміз.