Облыста тұрғын үй кезегі жеткенше көпбалалы отбасыларын жатақханалармен қамту жұмыстары да қолға алынған. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 2,6 млрд. теңге бағытталып, Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында баспанаға мұқтаж деп анықталған осы санаттағы 612 отбасына жатақханалар салынады. Ал, демеушілер есебінен жалпы құны 100 млн. теңгеге 33 көпбалалы отбасына тұрғын үй беру көзделуде. Бұл туралы «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі уақытта облыс бойынша пәтер алу үшін кезекте 24 533 адам тұрса (1- сәуірге), оның 14 046-ы халықтың осал тобына жататындар, оның ішінде 2 346-ы көпбалалы отбасы бар.
Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 12,1 млрд. теңгеге 2 118 көппәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1 988 пәтерлі 28 үй пайдалануға берілуі тиіс. Ал, 130 пәтерлі 2 арендалық үй – 2020 жылға өтпелі болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде берген тапсырмасы аясында бөлінген қаржы есебінен 187 отбасына баспана алып беру жоспарланып отыр.
Жалпы, биыл бюджет есебінен 2 175 отбасын пәтермен қамту күтілуде. Кредиттік 21 үйден 1 460 пәтер, арендалық 7 үйден 528 пәтер, 187 пәтерді сатып алу жоспарланған.