Жамбыл облысында «9 мамыр — Жеңіс күні» мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне түрлі құрмет көрсетіліп жатыр. Осы орайда, бүгін Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов ардагер Әшірбек Сәрсенбиевтің үйіне арнайы барып, ақсақалды Жеңіс күні мерекесімен құттықтады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Әшірбек Сәрсенбиев Ұлы Отан соғысының ардагері. Жамбыл облысы, Свердлов ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғыс басталғанда Өзбекстанның Ферғана қаласында 3 айлық командирлер дайындайтын курс оқып, 1942 жылы армия қатарына шақырылған. Майданда 124–ші атқыштар полкі қатарында бастап, Украинаны босатуға және Берлинге шабуыл жасауда да белсенділік танытқан. Жеңісті 1945 жылы Берлинде қарсы алып, соғыстан кейін Берлинде 2 жыл тазалау армиясы қатарында болған.
Елге оралған соң, 27 жыл бойы ауылдық Кеңесте хатшы болып жұмыс атқарған. «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» басқа да көптеген медаль, ордендермен марапатталған. Тараз қаласында қызымен тұрады.
Өз кезегінде, соғыс ардагері естеліктерімен бөлісіп, ізгі тілегін жеткізді.