Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өңірдің 2020 жылдық бюджетін қалыптастыруға байланысты ұсынылуға тиіс жобалық сметалық құжаттардың барысы қаралды. Бұл туралы «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап xабарлайды.
Басқосудың күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімідігінің құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров баяндама жасады. Ол бірқатар жобалық сметалық құжаттар бойынша кешігулер бар екенін жасырмады.
Асқар Исабекұлы аталған кемшіліктер бұл жобалық-сметалық құжаттарды келер жылдың бюджетіне енгізу үшін кедергі болатанын жеткізіп, осыған жол берген сала басшыларын сынға алды. Жауапты басшылар өз кезегінде жобалардың дені аудандарға тиесілі екенін, ал ауданда бұл бағытта жұмысты үйлестіріп алып кететін мамандардың тапшылығын алдыға тартты. Олар енді бұған аудан әкімдерінің жауапкершілігін арттыра түсу керектігіне көңіл бөліп отыр. Алдағы уақытта бұл мәселе аудан басшыларының қатысуымен селектрлік режімде жиын өтетін жиында кеңінен талқыланбақ.
Сондай-ақ, жиында 2013-2018 жылдары аяқталмаған 65 жобаның құнына талдау қорытындысы сараланды. Бұл орайда бекітілген регламентке сәйкес қаралғанда 11 миллиардтан астам қаражаттың үнемделуі жоспарлануда екен. Бұған дейін осы бағыттағы жұмыстардан 10 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделген. Осылайша өңірде барлығы 20 миллиардтан астам қаражат үнемделмек.
Асқар Исабекұлы тұрғын-үй салу үшін кезекте тұрғандардың сұранысын қанағаттандыру үшін жүйелі жұмыс керектігін баса айтты. Биыл барлығы инфрақұрылыммен қамтылған 1547 жер телімі үлестірілмек. Өңір басшысы бұл санды кем дегенде екі-үш есеге арттыру жолында шаралар қабылдауды тапсырды. Сол секілді, игерілмеген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша да нақты жұмыстар қолға алынбақ.
Басқосу барысында өңірдегі өзге де салалардағы жемісті жұмыстар атап көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, өңірдегі кестемен берілетін елді мекендерді тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданған. 2019 жылы 50000 тұрғынды жүйеге қосудың нақты жоспары әзірленіп, бүгінгі күнге, 32697 тұрғын немесе 65,4 пайызы қосылған. Жоспарға сәйкес жұмыстар жалғасуда. Ал, ауыз су кестемен берілетін елді мекендер саны 65-тен 55-ке азайтылып, тәулігіне ауыз су 2-4 сағаттан берілетін 8 елді мекеннің ауыз су берілу уақыты 12 сағатқа жеткізілген. Сонымен қатар, былтыр 70 елді мекенде ақпараттық орталықтар ашылса, ағымдағы жылы 71 елді мекенде осындай орталықтар ашу көзделуде. Облыс басшысы бұл орталықтардың жұмыс істеу тәртібін бірыңғайландыру үшін арнайы ереже бекітудің маңыздылығын баса айтты.
Жиында осы және күн тәртібінде қаралған өзге де мәселер бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.