2019 жылдың 3 айында өнеркәсіп саласында 5 млрд. 177,9 млн. теңгеге өнім өндірілді. Нақты индекс көлемі 100,9% болды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
2019 жылдың 3 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 2 млрд. 850,5 млн. теңгені немесе 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,6%-ды құрады.
«Осы жылдың 3 айында 8 267,6 тонна сүт, тірі салмақта 1 909,8 тонна және сойыс салмақта 1 052,2 тонна ет, 14 083,8 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ал ауданда ірі қара малының басы – 45 262, қой-ешкі – 248 147, жылқы – 17 856, түйе – 62, үй құстары – 320 555 басқа жетіп, шошқа малының саны 2 244 басты құрап отыр», — дейді Бақыт Алпысбайұлы.
Сондай-ақ, шаруа қожалықтардың өз қаражаттары есебінен 12 млн. 350 мың теңгеге 5 техника сатып алынған.
Эпизоотияға қарсы атқарылатын іс-шаралар жоспарына сәйкес 105 млн. теңге бөлінді. Есепті кезеңде егу-емдеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, туберкулезге қарсы егу — 32 500 бас мүйізді ірі қара, 700 бас шошқа. Ал аусылға қарсы егу — 40 000 бас мүйізді ірі қара, 90 800 бас қой-ешкі, 600 бас шошқаға жасалған. Бұған қоса, сібір жарасына — 9 000 бас мүйізді ірі қара, 30 000 бас қой-ешкі, 2 500 бас жылқы, 275 бас шошқаға егілген.
Сонымен қатар, сарып ауруына аудан бойынша — 12 449 бас ірі қарадан және 23 361 бас ұсақ малдан қан сынамалары алынып, 37 бас МІҚ мен 20 бас ұсақ мал оң нәтиже көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және деректер қорына енгізу бойынша аудандық бюджеттен 4 млн. 819 мың теңге бөлінді. Есепті кезеңде 12 142 бас МІҚ, 34 716 бас ұсақ мал және 908 бас жылқы бірдейленді.
Аудан басшысының айтуынша, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап жою жұмыстарына 3 млн. 034 мың теңге бөлініп, 668 қаңғыбас иттер ауланып жойылған.