Аудандағы жалпы 37 білім беру ұйымдарының 872 сынып комплектісінде 15 767 балаға 1 899 ұстаз білім беруде. Сонымен қатар, мектепалды дайындық бойынша 89 сынып комплектісінде 1 484 бала білім алуда. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аудандағы мектепке дейінгі білім беретін 22 балабақшада және 20 мектеп базасындағы шағын орталықтарда барлығы 3723 бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Ауданда 1 мен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 86,7 пайызды құрады. 3 пен 6 жас аралығындағы тәрбиемен қамту көрсеткіші – 99,1 пайызды құрайды.
«Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, алаяқтық және бұзақылықпен байланысты қылмыстардан басқа қылмыс санаттары бойынша өсім орын алмады. Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметіне сәйкес, аудан көлемінде 18 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қаза тауып, 37 адам әртүрлі дене жарақатын алған», — деді аудан басшысы.
Бұған қоса, аудан көлемінде жалпы 97 қылмыстық істер тіркелген. Ал өткен жылмен салыстырғанда 14,2%-ға төмендеген.