Күн санап дамыған жаңа технологиялар адамды өзінің ырқына бағындырып барады. Ол жасырын емес. Компьютер мен телефонсыз жұмысыңның алға жүруі қиын және құлаққаппен құлағын бітеп алып өз әлемінде кетіп бара жатқан көрініске де көз үйренді. Әтсе де оның зиянын ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Дәрігерлер 10-15 жыл бұрын есту дәрежесінің төмендеуі 40 жастан асқанда басталса, қазір жиырма жастан асқандардың шағымы көп деп дабыл қағуда. Бұған құлаққаптың да айтарлықтай әсері бар. Қатты шыққан дыбыстар ортаңғы құлақтың дабыл жарғағына өте зиян. Құлақтың жарғағы зор дыбыстың ішкі құлаққа енуіне кедергі келтіреді. Егер қатты шыққан дыбыстар тым ұзақ уақыт ішкі құлаққа естіле берсе, онда оның бұлшықеттері әлсіреп, қорғаныш қасиетінен айырыла бастайды. Ал, бұл жағдай өз кезегінде миға импульс жіберетін жасушаның зақымдануына әкеп соғады.
Дыбыстар тоқтаусыз естіліп тұратын болса, ол есту қабілетін нашарлатады.
— Әуен тыңдарда тамшы пішінді құлаққаптан бас тартыңыз. Олардың дыбысы үлкен құлаққаптардан қаттырақ шығады яғни зияны көп.
— Дыбыстың ең жоғарғы шегі ретінде 80 децибелл белгіленген. Одан қатты шығып тұрған дыбыс есту қабілетіне кері әсер етеді.
— Өзіңіз үшін әуенді 60 децибелден асырмай тыңдауға тырысыңыз.
— Күніне 1-2 сағат көлемінде ғана әуенді құлаққаппен тыңдаңыз. Егер де «құлақ ауруына» шалдықсаңыз, оның мынадай белгілері бар:
— құлақ үнемі шыңылдап тұрады; — қатты шудың өзі жай естіледі; — бәсең дыбыстар қатты естіледі; — өзіңізге сөйлеп жатқан адамды бір шақырымда тұрғандай әзер естисіз.
Дереккөз: massaget.kz