Жамбыл ауданында полицияның фронт-кеңсесі ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімдігінің, мәслихаттың және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ аудан ардагерлері мен жергілікті жұртшылық қатысты.
Полиция фронт-кеңсесінің ашылуымен жиылған көпшілікті Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов пен ауданның прокуроры Қайыржан Қуатбеков құттықтады.
Кездесуге қатысушылар алдында Жамбыл облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Бауыржан Үдергенов құттықтау сөз сөйлеп, облыс орталығында және аудандық полиция бөлімдерінде осындай фронт-кеңсенің төртіншісі ашылғанын атап өтті. Сөзінің соңында аудан әкімі Бақыт Қазанбасовқа көрсеткен қолдауы үшін Жамбыл облысының Полиция департаменті бастығы Арман Оразалиевтің атынан алғыс хат табыс етті.
Қонақтар келушілерге арналған залды көріп, полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Жаңа фронт-кеңседе азаматтар үшін қабылдау бөлмесінің қызметкерлері өтініш берушілермен тікелей жұмыс істейтін болады, бұл өтініштерді қарау уақытын қысқартуға және мәселелерді шешуде қол жетімділікке, ашықтық пен жеделдікке мүмкіндік береді.