Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша қолға алынған шаруалар ауқымды десек, ондағы жамбылдық құрылысшылардың жұмыла жасап жатқан жұмыстары өз жемісін беруде, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның бір дәлелі ретінде бүгін облысқа тиесілі 3-сектордағы 6 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарының толығымен аяқталғанын айтуға болады.
Қазіргі таңда 3-сектор аумағында жамбылдық 16 құрылыс компаниясының 220 құрылысшысы аянбай тер төгуде. Олар 50 жеке тұрғын үй де жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Еске сала кетейік, Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысы әкімдігінің штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда жеке тұрғын үйлермен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалуда.
Қираған 3 үйдің екеуі басынан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қажетті құрылыс материалдары уақытылы жеткізілуде.