Облыс әкімі Асқар Мырзахметов үкімет басшысына қолға алынған қосалқы шаруашылық жайында баяндады,— деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы үш аптада 376 елді мекенді аралап шықты.
Сондай-ақ, 136625 ауланың дерекқоры жиналды. Бұл сапар — шалғайдағы жұртқа тиімді жобаның шарапатын сездіру үшін жасалды.
Бүгінде облыста 68 мың бизнес субъектісі тіркелген. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында барлық кәсіпкерлік субъектісіне сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде құны 70, 9 миллиард теңгені құрайтын 126 жоба қолдау тапқан. Ал, жалпы құны 497,7 миллион теңгені құрайтын 9 кәсіпорынның жобасы екінші деңгейлі банктермен мақұлданса, 20,1 миллиард теңгеге бағаланған 9 жоба әлі де қаралу үстінде.
Егер ұсынылған жобалар толықтай жүзеге асатын болса, аймақта 16 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ауыл тұрғындарының табысын еселеп, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықты және ауылдағы шағын кәсіпкерлікті дамыту жолдары қарастырылып, есебі шығарылуда.
Облыс әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ өңірдегі барлық елді мекенді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары тарапынан қосалқы шаруашылықты тиімді пайдалануға қатысты жалпы сомасы 43,4 миллиард теңгені құрайтын 11 416 жоба жиналды.